Сырым саябағында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен «Толағай» спорт сайысы өтті.
Ерекшелігі – бұл жарысқа ерекше күтімді қажет ететін ересектер мен әлеуметтік қызметкерлерден құралған топ қатысты.
Шараның салтанатты ашылуына «Amanat» партиясы Сырым аудандық филиалының төрағасы Талғат Дарғожиев, Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Исатаева, БҚО «Мүгедектігі бар еріктілер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәрдем Мұхамбетжанов қатысып, сайыскерлерге сәттілік тіледі.
Өзара мықтылардан құралған төрт команда жеңіс үшін барын салды. Кейде қоғам туғалы сырқат, пәскөңіл жандарға «мүмкіндігі шектеулілер» деп айдар тағып, шетке ысырып жатады. Бірақ дене мүмкіндігі шектелгенмен, көңіл мен қиял кеңістігі шексіз ғой. Спорт додасында «ерекше жандар» жігермен, намыспен көзге түсті. Жекелей сындардың жалпы қорытындысы бойынша «Барыс» тобы жеңімпаз атанды. Кейінгі тұғырға «Қыран» қонып, ал қола жүлдеге «Намыс» командасы қол жеткізді. Жеңіске деген ынтасы үшін «Бірлік» тобы марапатталды.
Сырымдық толағайларға жеке кәсіпкерлер Г. Нигметова («Аққу» дүкендер желісі), Б. Жүсіпов («Алина» кафесі) демеушілік жасады.
zhaikpress.kz