Сырым даласына Ақтөбеден ақжолтай хабар жетті.
Ересектер арасында аударыспақтан өткен ҚР чемпионатында Батыс Қазақстан облысының құрама командасының белді мүшесі, сырымдық Төлеби Қайыржанов жасындай жарқылдады. Алғашқы жарыс күнінде ол үш жігітті атынан аударып, барлық сайысты өз пайдасына шешті.
Төлеби ақырғы сында аударыспақтан ҚР 10 дүркін, Азияның 4 дүркін чемпионы түркістандық Сырым Ізбасаровпен кездесті. Сыралғы қарсылас сыр бермей, біздің батырға күміс жүлдеге қанағат етуге тура келді.
Алайда, Төлебидің республикалық чемпионатта ат үстінде күресіп алған күмісі - Сырым ауданының ат спорты саласы үшін зор жетістік.
Айта кетейік, Төлеби Қайыржанов - Сырым ауданында ұлттық спорттың көкпар, аударыспақ түрлері бойынша бас жаттықтырушы. Оның жас шабандоздар мектебі де жемісті жұмыс жасауда. Қазір сырымдық жокейлер республикалық бәйгелерде тұлпар тізгіндеп жүр.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz