Дүйсенбі. Ертемен поштаға асыққан бір адам. Сыртында «Пошта торабы» деген жазуы болмаса, құдды бір аялдама тәрізді. Бірінен соң бірі кезекке тұрып, артысып-тартысып есікке қарай қайта-қайта қарап, тықыршып әрең тұр. Бір кезде көпшілік күткен поштаның есігі де ашылды. Бәрі нөмір алуға жүгірді. Экрандағы дыбысты естігендер терезеге қарай шапқылап, шаруаларын тез бітіруге асығуда. Соңғылары аялдап, 2-3 сағаттап кезек күтуде. Шаршағандары іштей тынып тұрса, енді бірі кезекті күте-күте шаршап, үйге қарай бет алды. Бұл поштадағы келеңсіз көріністердің бір парасы ғана.
Бүгінде білемін, үйренемін деген адамға жағдайдың бәрі жасалған. Поштаға кірмей-ақ, банкке шапқыламай-ақ, несие алып, барлық қызметті үйде отырып іске асыра аламыз. Тіпті ұзыннан-шұбақ кезекке тұрмастан салықтар мен коммуналдық төлемді терминал арқылы төлей саламыз. Әлбетте, жаңа электронды жүйеге халықтың еті бірден үйренді деу қиын. Көпшілігі картадағы қаражатын банкоматтан шешіп алып, содан төлейтінін көріп жүрміз. Халықтың он пайызы ғана картамен немесе терминалмен төлем жасайды. Дейтұрғанмен, оның санын арттыруымыз қажет. Сонда ғана халықтың төлем карточкасымен кез келген жерде есеп айырысуға сенімділігі артып, ал сатушылар тұтынушылардың төлем карточкасын қабылдағанды қолай көрері кәміл.
-Коммуналдық қызметтердің төлемін бұрынғыдай касса арқылы төлеу заманға сай емес. Кезекті күту көп уақыт алатындықтан, онлайн төлем жүйесі бар. Бірақ халық оған үйренбей, касса арқылы төлем жасайды. Ақпарат кемшін болғандықтан қалыптасып қалған бұрынғы жүйеден шыға алмай жатырмыз. Әлі күнге дейін поштаның айналасы лық толы адам. Үш терезенің кезегін күткендер. Кіреберісте терминал тұр. Көпшілігі жаңа технологияны игеруге құштар емес. Терминал арқылы төлем жүргізсеңіз не бары 3-ақ минут уақытыңызды алады. Осы бағытта бір күн отырып қадам-қадамымен үлестірме парағын дайындадық. Алайда терминал арқылы халыққа төлем жасауға көмектесетін (сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін) ерікті жас таба алмай отырмыз. Десек те, халықтың қаржылық сауатын ашатын мамандар көп болғаны маңызды, - дейді аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова.
Аудан тұрғыны Толқын Бердешова жаңа электронды жүйеге әзірше дайын емес екенін айтып, оған себеп ретінде өзінің қаржылық сауатының кемшіндігін атады. -Терминалды пайдалану қолайлы екеніне дауым жоқ. Дегенмен оған қаржылық сауатымыз жетпегендіктен тәуекел етуге қорқамыз. Жастар жағы төлем картасы немесе онлайн арқылы қызметтің түр-түрін пайдаланып жатады. Олар жаңа жүйеге 100 пайыз сенімді. Бізге үйрететін жас болса жаңа жүйеге көшуге қарсылығым жоқ, - деді кейіпкеріміз. Демек, электронды төлем жүйесін қолдайтындар бар. Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалап заман көшінен қалыс қалмайық, ағайын!
Жұлдыз Асқар
Казталов ауданы
zhaikpress.kz