Су тасқыны – жыл сайын кездесіп жататын табиғат құбылыс. Биыл көктемде де облысымызда да өзен-көлдер қар суының еріп, қосылуынан арнасынан шығып, оның үстіне толассыз жаңбыр жауып, адамға және шаруашылықтарға қауіп-қатер туындатқаны жөнінде ақпарат көздерінен хабардармыз. Ауданда ахуал қандай?
Ақжайық ауданы әкімінің бас инспекторы Рысбек Есқалиевтің айтуынша, су тасқынының алдын алу бойынша аудандық штаб құрылып, қарғыннан тұрғындардың зардап шекпеуін басты назарға алған. Сонымен қатар су басу қаупі бар Чапаев, Үштөбе, Жұбан, Алғабас ауылдарында тәулік бойы кезекшілік орнатылды. Осы ауылдарға 185 тонна инертті материал жеткізіліп, 6700 дана қап инертті материал салынып, қапталған.
Қазірдің өзінде су сорғыш құралдар және 126 техника топан суға тосқауыл қоюға сақадай сай дайын тұр. Ауыл-ауылдардан 5 300 текше метр қар, 81 рейс еріген қар суы шығарылды. Жайықтың қос қапталындағы тұрғындарды байланыстыратын Чапаев ауылы тұсындағы қалқымалы көпірді де уақытша алып тастады. Бұл да болса, қауіптің алдын алуда қажет әрекет.
– Бүгінде Жұбан, Үштөбе, Чапаев ауылдарын су басу қаупі жоқ, судың деңгейі төмендеді. Аталған ауылдарда 7 мотопомпа жұмылдырылды. Аудан орталығында ешбір үйге су кірмеді. Десе де, хабарласқан тұрғындардың өтінішімен ауладағы су сорылып, шығарылды. Алғабаста ауылдың ішінен еріп аққан қар суының деңгейі төмендегенімен, қауіп әлі де сейілген жоқ. Қазір мұнда 5 мотопомпамен су сорылып, 16 адам, 2 техника жұмылдырылып, топан судан ауылды аман сақтап қалу үшін қам-қарекет күндіз-түні дамылсыз жүргізілуде, – деді Р.Есқалиев.
zhaikpress.kz