Денсаулық сақтау саласы қызметінің сапасы әрі жеделдігі адам өмірін арашалауға зор септігін тигізетіні анық. Жуырда облыстық бюджеттен 98 миллион теңге бөлініп, Ақжайық ауданындағы төрт бірдей округтің медициналық нысандарына су жаңа жедел жәрдем көліктерінің кілті табысталды.
Атап айтқанда, Көнеккеткен, Қабыршақты, Қурайлысай және Тайпақ ауылдарындағы ауруханалар соңғы үлгіде жабдықталған техникаға қол жеткізді. Әрине, ауыл тұрғындары, сала қызметкерлерінің қуанышында шек жоқ.
– Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен төрт ауылға жедел жәрдем техникалық көлігі берілді. Бұл күнді көптен күткен едік. Аудан орталығына жақын орналасқанымызбен, ортада Жайық өзені жатыр. Ескі көлік сыр беріп, науқастарды аудан орталығына жеткізгенше, біраз қиындық көретінбіз. Қуанышымыздың орынды болу себебі де осыдан. Облыс әкімдігі мен сала басшылығына, аудандық аурухана ұжымына бізді қолдағандары үшін алғыс айтамыз, – дейді Көнеккеткен ауылдық ауруханасының меңгерушісі, фельдшер Бағдат Жұмағалиев.
Әсет Орынғали,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz