Ауылдағы мал баққан ағайын үшін сақманның алар орны ерекше. Төрт түліктің төлдеп, мал санының көбейгеніне қуанбайтын адам жоқ шығар, сірә?! Жаңа туып, аналарының артынан тәй-тәй басып, өрген бұзау, құлын, бота, қозы-лақтың сүйкімді келбеті көздің жауын алады.
Кезіндегі кеңшар, ұжымшарлар еселеп төл алып, табыстары миллионнан асқанын да естідік. Сол уақытта 100 саулықтан 120-125 қозы алған, 100 биеден 100 құлын алған шопандар Социалистік Еңбек ері атанып, табысқа кенелетін. Ол уақыт келмеске кеткендей...
Ал қазіргі күнде мал басы жыл санап өскенімен, бұрынғыдай жарыс, бәсеке жоқ. Дегенмен, үкімет есептен жаңылған емес. Казталов аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметініне сүйенсек, мал төлдету науқаны қызып жатыр. Бүгінде 41100 бұзау, 33000 қозы, 6100 лақ, 1010 құлын, 11 ботақан туғаны тіркелген. Сақман жалғасып жатыр. Шаруалар мал шығынын төл үшін күздегі күйекте аталық малдарды жай қосып, нәтижесінде мамыражай, жылы уақытта туған төл алады.
Төл алу науқанын көзбен көру үшін аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиевпен бірге қырға шықтық. Жол талғамайтын Нива көлігімен келе жатып, жол бойы толған малға кезіктік. Әдемі дала көріністерін тамашалап келеміз. Жасыл түске боялған шалғында анасының қасында ойнақтаған құлын, бұзау, сүзіскен қозы-лақтарды көріп ішіміз жылып келеді. Бірақ, анасына ерген ботақан көрмедік. Осы кезде ойымды оқып отырғандай, Аманжол Баянғалиұлы:
-Қайрақа, бұзау, құлын, қозы-лақты күнде көріп жүрсің. Мен сені түйе сауып отырған шаруашылыққа апарайын, - деп көлігін Көктерек ауылдық округіне қарасты Сатыбалды ауылына бастай жөнелді.
Бұрыннан Сатыбалды ауылындағы Руслан Сарбаев Маңғыстау өңірінен түйе әкеліп, өсіріп жатқан естіген едім. Бірақ өз басым келіп, көрген емеспін. Сатыбалды ауылын бетке алғасын ішімнен: «Руслан ағамызға баратын шығармыз» деп ойлап келемін. Айтқандай, көлігімізді Руслан ағаның үй-жайына тақадық.
«Райымбек» шаруа қожалығының жетекшісі, елдің жанашыр азаматы Руслан Сарбаев ауылда жоқ екен, алдымыздан күйеу баласы шықты. Аман-саулықтан кейін өзін: «Манарбек Аяпқалиев» деп таныстырған азамат біздің келген шаруамызды біліп, қораға бастай жөнелді. Ең алдымен төлдеп жатқан қой сақманын көрдік. Есіл-дертіміз түйелерді көру. Ұзына бойы шарбақ пен қоралардан өтіп, тағы да бір үлкен қораға кірдік. Қора ішінде бастарын тәккапарлана көкке көтеріп, күйіс қайырған екі аналық түйе тұр. «Ей, мыналар кім?» дегендей, менсінбей қарап тұр. Манарбектен түйелер туралы сұрастырып жатырмыз.
—Жалпы біздің шаруашылықта 22 түйе бар. Негізінен түйенің мая түрі. Қос өркешті мен бір өркешті түйенің будандастырылып, осы мая тұқымы алынған екен. Мая басқа түйлерге қарағанды шұбатты көп береді. Біз бұл түйелерді Маңғыстау өңірінен сатып әкелдік. Қазіргі уақытта туып тұрған сегіз түйенің екеуін сауып жатырмыз. Бір түйеден күніне 5 литр сүт сауылады, - деген Манарбек қолына шелегін алып, түйе саууға кірісті. Аналықтардың қасында көздері жәудіреген боталар ойнақтап тұр. Жаңа сауылған шұбаттың иісі қораны алып кетті. Түйе баққан адамдарға үйреншікті болғанымен, бізге таңсық дүние. Манарбектің тынымды тірлігіне риза болып тұрмыз.
Түйе сауып болғасын Манарбек қонақжайлық танытып, бізді үйге шақырды. Ішке кіріп, түйенің шұбатынан дәм таттық. «Еті азық, шұбаты шипа» тегін айтылмаса керек, тілі дәм үйірер, дәруменге бай салқын шұбаттан бір кеседен сіміріп алдық. Енді тамақ ішпесек те болады. Қазақ халқы қымызбен шөл басса, шұбатпен қарын тойғызған. Шұбаттың денсаулыққа пайдасы көп екенін біз айтпасақ та жақсы білесіздер.
Интернетті қопарып көрсеңіз, түйе сүті қант диабеті, бүйрек, асқазан ауруларына пайдалы. Ол адамның иммунитетін көтеріп, ауруы бардың кез келген сырқатын емдейді. Ең бастысы, көптеген аурудың алдын алады.
Манарбекпен қоштасып, темір тұлпарымызды ауылға қарай бұрдық. Айтпақшы, ауылдағы ағайынға хабар болсын! «Райымбек» шаруа қожалығы шұбаттың әр литрін 1200 теңгеден сатуда. Көктерек ауылдық округі Сатыбалды елді мекенінде тұратын Руслан Сарбаевқа хабарласып, шұбат сатып алуға болады.
Нұр Рахман,
Казталов ауданы