Ақжайық ауданы орталығында жаяу жүргіншілер жолын жайландыру биыл да жалғасуда. Чапаевта көптен әңгіме болып келе жатқан, Қазақстан, Ықсанов, Қонаев, Әйтиев, Кенеев көшелеріне 2,6 шақырымға төсемжол төселуде.
Оралдық мердігер «ОралҚұрылыс» ЖШС-нің (учаске басшысы Ерген Мырзағалиев) қарқыны жақсы. Осы жұмысқа республикалық бюджеттен 44 млн. 930 мың теңге қаржы қарастырылған. Аудан орталығының бірқатар көшелерінің қос қапталына салынған жүргіншілер жолының құрылысы мамыр айының соңында басталды. Мердігердің айтуынша, жұмыстар тамыз айында толық аяқталуы тиіс. Сөйтіп, халық тілегі орындалмақ. Осында аудан орталығынан 12 жұмыссыз 2 ай қатарынан түрлі жұмыстарды атқаруда. Учаске басшылары олардың өздеріне тапсырылған жұмысты мұқият атқаратынын айтады.
Іргелі ауыл Тайпақта да жаяу жүргіншілер жолы төселді. Енді үлкен болсын, кіші болсын, жүргіншілер жауынды-шашынды күндері қиындық көрмейді. Мында республикалық бюджеттен бөлінген 41 млн. 170 мың теңгеге «ОралҚұрылыс» ЖШС ауылдың Қашкенов, Жұмалиев, Махамбет, Нұрпейісова көшелерінің бойымен 2 шақырымдық төсемжолдың құрылысын жүргізді. Мұнда құрылыс жұмыстарына ауылдың 10 адамы тартылған.
Әсия Шырай
Ақжайық ауданы
Суретті түсірген Азамат Қанапия
zhaikpress.kz