24.11.2020, 11:01
Оқылды: 41

Төскейді малға толтырған

Маңғаз жатқан маң даланы малға, төскейді төлге толтырған қазақ үшін төрт түліктің әрқайсының өз орны бар. Ата-бабаларымыз ежелден мал өсіріп, оны күнкөрістің тиімді көзіне айналдыра білгені әмбеге аян. Иә, «Мал – елге құт», «Мал баққанға бітеді» немесе «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп мақалдаған дана халқымыз тірліктің көзін тауып, сол арқылы толайым табысқа жете алған. Оған осы жазиралы өлкемізде өмір кешіп, ерен еңбек еткен азаматтарымыздың іргелі ісі дәлел бола алады.

EB8ACDEB-EFF9-4224-BE7C-763A577F547C

Алпыстың алтауын алқымдаған қараөзендік Тұрарбек Татпанов ағамыз да шаруадан қол үзбей, өзі басқарып отырған «Дастан» қожалығын алға жетелеп келеді. Атакәсіп – мал өсірумен айналысқан қожалықтың бүгінде шаруасы ширақ. 2004 жылы құрылған шаруашылық күні бүгін 400 ірі қара, 700 қой мен 50-дей жылқы өсіруде. Қараөзен ауылдық округіне жасаған іссапарымыз барысында сәтін салып, Тұрарбек ағамыздың шаруашылығымен таныстық. Қараөзендегі Қарасу қыстағына барып, ат шаптырымдай аумақты алып жатқан шаруашылықты көрдік, Тұрарбек ағаның өзімен тілдестік.

- Айналайындар, қазіргі жағдайымыздың бәрі еңбектің арқасында ғой, – деп бастады әңгімесін несібесін еңбектен тапқан ағамыз.

D389D3CB-FB5C-4D00-8111-4CF39A3D4EB4

– Мен кезінде кеңшардың ферма шопыры болдым. Сол кезде кеңшар жұмысына күн-түн демей жүре бердік. Талай қиындықты басымыздан өткізіп, жолдасым Жамиға екеуміз үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірдік. Құдайға шүкір, қазір сол балаларымыздан тараған немере-жиеннің ортасында бақуатты өмір сүріп келеміз. Бұрын біз Серік ауылында тұрдық. Ауылда тұрғасын азды-көпті мал ұстадық. Балалармен ақылдаса келе 2004 жылы шаруашылық құруды ұйғардық. Алғашында қожалығымызда 15 ірі қара, 20 қой болды. Балаларды оқыттық, келін алдық, қыз ұзаттық дегендей, әйтеуір жаймен шаруамызды жасай бердік. Үкіметтің барлық бағдарламасынан қалыс қалған жоқпыз. Мал басы көбейгесін бөлек жер алып, ауылдан осы қыстаққа көшуге тура келді. Біз көбінесе шөп шабумен айналыстық. Шөп шауып, артылғанын ауылдағы ағайынға саттық. Әрине, оңай жұмыс емес, бірақ еңбектенген адам біраз ақшаның басын құрайды. Сол үшін ауылшаруашылық техникаларын да сатып алдық. Қазір бес трактор бар. Күні кешеге дейін шөп шауып келдік. Биыл Жаңақаламен шекаралас жерден жер алып, ірі қараны балалар сол жерде бағып отыр. Жалпы жағдайымыз жаман емес. Тек кейінгі жылдардағы қуаңшылық біраз қиындық тудырды. Биыл ауданымыз бойынша мал азығын жинау мүмкін болмады. Өзендерге су келмей, жауын-шашын аз болып, шабындықтарға шөп шықпай қалды. Биыл біз шөпті Тасқала жерінен шауып алдық. Сол үшін далада тұруға ыңғайлы тіркеме контейнер сатып алдық, – дейді ағамыз.

58F34ED1-0642-450F-9941-084E68BD2842

«Дастан» шаруа қожалығы орналасқан Қарасу қыстағын көріп, риза болдық. Үй-жайдан бастап, қораларға дейін ұқыпты салынған. Көзге оғаш ештеңе көрмейсің. Бүгінде шаруашылықта төрт адам тұрақты еңбек етеді. Жалпы, қазіргі күнде мал бағатын, қырға келіп, көмекші болатын адам жоқ екенін ағамыз жасырып қалмады. Расында, жұмыс барысында барған шаруашылық егелері қырға келіп, мал бағатын көмекші таба алмаймыз дегенді жиі айтады. Керек десеңіз, айына 100-120 мың еңбекақы төлеуге әзірміз дегендері де бар. Ал сонда үйінде жұмыссыз жүргендер қырға барып жұмыс істеуге неге құлықсыз? Бұл енді бөлек мәселе. Жоғарыдай жазғандай, «Дастан» шаруа қожалығында Тұрарбек ағамыздың балалары малды өздері бағады екен. Иә, бұл да ағаның ұрпағына дұрыс тәрбие бергенінен шығар. «Сіздер күнде келмейсіңдер» дегендей ағамыз бізбен асықпай әңгіме соқты.

– Мал өсіру жылдан-жылға қиындап барады. Біздің қыстақта мал ішетін тұщы су жоқ. Екі құдық қаздырған едік, суы ащы болып шықты. Бөгет қаздырдық, ол да ащы шықты. Дегенмен амалсыз емеспіз. Жер астына 75 тонналық бөшке көміп, малдың суын тасып отырмыз. Бұрынғыдай көлдерге су шықпайды. Мал азығын дайындаудың өзі бір мәселе. Қуаңшылық болған жылдары бұрынғыдай шаруаларға Үкіметтен көмек қаржы болса дейміз. Биылға шамамыз келгенше жем-шөп дайындап алдық. Алдағы «Кәрі құда» не мінез көрсетері белгісіз. Тағы бір үлкен мәселе – ақбөкендер. Олар көбейгені соншалық, ауданның қай жеріне барсаң да алдыңнан шығады. Барлық жайылым мен шабындықты таптап, жеп қойды. Бұл барлық мал баққан ағайынның жанайқайы болып отыр. Бұл мәселені шешуге ешкімнің тісі батпады. Осы мәселені жоғары жақтағылар оңтайлы шешсе екен дейміз. Сонымен бірге біздің өз өнімімізді жоғары бағаға өткізсек деген жоспарымыз бар. Шетелге ет экспорты жабылғасын баға түсіп кетті. Талдыапанда мал бордақылау кешені салынғанда бір қуанып едік. Былтыр бағасы жақсы болатын. Енді олар да бағаны түсіріп жіберді. Малға қарап отырғасын барлық кірісіміз ет арқылы болып тұр. Дейтұрғанмен бәріне шүкіршілік жасаймыз. Бүгінде «Үкімет өзегімді талдырмайды» деп қарап жату, жұмыс жоқ деп өзгенің есебінен күн кешу сынды масылдық санадан арылар кез келді. Біздің қолымызда қармақ бар. Енді сонымен балық ұстауды қиынсынамыз ба?! Барлық жағдай жасалуда. Тек ынтаң болса, ырыс та болады. Ең бастысы, елде тыныштық болсын! – деп ағынан жарылды Тұрарбек ағамыз.

Дархан дала төсінде төрт түлікті өсірген малшыны көргенде сүйсінесің, қызығасың. Мақаламызда төскейді малға толтырып, несібесін төрт түліктен тапқан Тұрарбек Татпанов басқарып отырған шаруашылықтың тынысына аз-кем тоқталып өттік. Ерінбей еңбектенген адамға бүгінде барлық қолдау бар екені белгілі.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале