Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Рашид Блялов Қаратөбе ауданында болып, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен №18 өрт сөндіру бекетінің өткен жылы атқарған жұмыстарының есебін тыңдады.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Мэльс Искаков пен аудандық өрт сөндіру бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау аға лейтенанты А.Алмас 2021 жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алға қойылған міндеттерге тоқталып өтті. Өткен жылдың жұмысын қорытындылаған сала басшылары жыл ішінде атқарылған жұмыстарға байланысты Рашид Бекетұлының сауалдарына жауап берді.
Қаратөбе ауданының ТЖ бөлімнің басшысы М.Искаковтың айтуынша, бөлім жоспарына сай өткен жылда барлығы 46 іс-шара жоспарланып, оның барлығы толығымен орындалған.
Аудан көлемінде табиғи өрттің алдын алу бойынша өртке қарсы ерікті құрылымдар құрылған. Атап айтқанда, 8 елді мекеннен 147 ерікті адам, 43 техника және 65 аспалы өрт сөндіргіш жасақталған. Барлық ауылдық округтердің ерікті өртке қарсы құрамы мен олардың құрал-саймандары тексерілген.
Аудан әкімі аппаратының қаржыландыруымен шалғай орналасқан елді мекендерде өрттерді уақтылы сөндіруді қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы Қоскөл ауылдық округінде өрт сөндіру бекеті ашылған. Сонымен қатар аудандағы өртке қарсы ерікті жасақтар 60 дана киім-кешек және етікпен жабдықталған.
Жылдық жұмыстың қорытындысын баяндап, алға қойылған міндеттерге тоқталған №18 өрт сөндіру бекетінің басшысы А.Алмас:
– Аудандағы №18 ӨСБ ғимараты жөндеуді қажет етеді. Аталмыш бекетте бөлімше командирлері, аға өрт сөңдірушілер радиотелефоншының міндетін атқарады. Өрт сөндіру бөліміне қоңырау түскен кезде радиотелефоншының жоқтығына байланысты келіп түскен қоңырау бойынша тез әрекет ету үшін қарауыл қызметкерлеріне кері әсерін тигізуде. Қызметтің №18 ӨСБ-де диспетчер (радиотелефонист) лауазымы болса, қарауыл қызметін атқаруға ешқандай кедергі болмас еді,- деген ойын айтты.
Аудан әкімі аппаратының бас маманы Махамбет Қажыгереев көп жылдардан бері сақталып келген жарамсыз, әбден тозығы жеткен «Газтұмылдырықты» жою туралы мәселенің ескерілмей келе жатқандығын және оларды түбегейлі жою туралы айтты.
«Тәртіпті сақадай сай ұстап, спортпен көбірек айналысуға, біліктілікті арттырып, кәсіби шыңдалуға көп көңіл бөлулеріңіз керек», деді алқалы жиында айтылған өзекті мәселелердің назардан тыс қалмайтындығын айтқан Рашид Бекетұлы.
Атаулы жиынға аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев қатысып, төтенше жағдайлар бөлімі мен өрт сөндіру бекетінде өткен жылда біраз игі істердің атқарылғанын, өрт шығу жағдайының одан алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір азайғанын айтып, қос бөлімнің техника және құралдармен қамтылуы тұрғысындағы ойын ортаға салды.
Аудан басшысы жиналыста айтылған мәселелер мен ұсыныстарды қабылдап, үлкен көңіл бөлген Рашид Бекетұлына ризашылығын білдірді.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz