11.04.2018, 15:56
Оқылды: 50

Төтеншеліктер мұзды жаруды тиімсіз деп тапқан

Бұл жайлы Тасқала ауданына жұмыс сапарымен барған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жасұлан Жұмашев айтты. Департамент басшысы Деркөл өзені бойындағы қауіпті аймақтарды аралап көрді.  

Мұнан соң аталмыш өзендегі мұзды жару туралы ауыл ақсақалдарының облыс әкімі А.Көлгіновке жазған хатына жауап беру мақсатында отырыс өткізді. Жасұлан Қыдырқожаұлының айтуынша, мұзды жару жұмыстары оның қалыңдығына байланысты болмақ. Бұл су тасқынының алдын алса да, су асты тіршілігіне, жақын орналасқан ғимараттарға зақым келтірмей қоймайды.

- Осындай әрекеттерді ойлағандықтан, мұзды бұрғылап кесу тиімді деп шештік. Көпке шыдаған халық, істің азы қалғанда төзімділік танытады деп сенеміз. Сіздің өңір басшысына жазған хатыңыз аудан атқамінерлерінің еңбегін еш қылып, қызметтеріне сенімсіздік танытуыңыз деп ойлаймын,- деді. Бұдан өзге көктемгі апаттың алдын алу мақсатында облыс көлемінен бар күш Тасқала ауданына жұмсалып отырғанын да тілге тиек етті.

Естеріңізге салсақ, жақында ауыл ақсақалдары мен тұрғындары өзенді мұздан тазалау жұмыстарын жеңілдету мақсатында ұсыныстарын білдірген. Олар өзендегі мұзды жару тиімді деп танып, облыс әкімінің атына хат жазған. Алайда БҚО төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, генерал-майор Ж.Жұмашев ол әрекеттің кері тұстарын түсіндіріп берді.

 Әсемгүл БЕКЕШЕВА,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале