Бөкей ордасы аудан әкімдігінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ақылбек Ахметжанов және аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың төрағалығымен аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен № 19, 26 өрт сөндіру бекеттерінің 2019 жылда атқарған жұмыстарын қорытындылаған жиын өтті.
Жиын барысында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Тұрарбек Апақаев, № 19 өрт сөндіру бекетінің бастығы Сабыржан Ибрашев, № 26 өрт сөндіру бекетінің бастығы Қуанышбек Еркінәлиев өткен жылда атқарылған жұмыстары туралы баяндама жасады.
2019 жылдың 12 айында 7 өрт оқиғасы тіркелген. Таратып айтсақ, 6 өрт оқиғасы тұрғын үй секторында, 1 өрт оқиғасы автокөлікке қатысты орын алған. Оған қоса 11 даладағы өрт оқиғасы тіркелген.
Бір өрт оқиғасы бойынша өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2018 жылмен салыстырсақ, 53,3%-ға азайған. 2018 жылы 15 өрт оқиғасы тіркеліп еді. Өрт қауіпсіздігін сақтау, төтенше жағдайдың алдын алу ережелерін сақталмаған сегіз мекеменің ісі сотқа жолданған. ҚР ӘҚБК-нің 462-3 бабына сәйкес айыппұл салынып, 850 100 теңге өндіріліп алынды.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Тұрарбек Апақаев қажетті шаралар мен бақылау-қадағалау жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілуі үшін қызметтік көлік қажеттігін айтып, өтініш білдірді.
Еркебұлан Рахметолла
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер