Аудандық мәслихат залында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев Шалғын елді мекені мен Қаратөбе ауылдық округінде орын алған төтенше жағдайға байланысты дер кезінде шұғыл көмек көрсеткен, Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен келген жеке құрамға және Қаратөбе аудандық №18 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрам қызметкерлеріне аудан тұрғындары атынан ризашылығын білдіріп, алғысхат табыстады.
Баршамызға белгілі, сәуірдің 2-сі күні ауа райының күрт жылынып, биыл түскен қардың лезде еруіне байланысты Шалғын елді мекенін су басып, Қалдығайты өзенінің су деңгейі көтерілді. Төтенше жағдайдың туындауына байланысты Маңғыстау облысынан құтқарушылар арнайы шақырылып, көмек көрсеткен болатын.
Өз кезегінде аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы төтенше жағдай кезінде шұғыл әрекет етіп, су тасқынының алдын алған төтеншеліктер еңбегінің зор екендігіне тоқталып, алдағы абыроймен атқарар жұмыстарына табыс тіледі.
Әмірбек Әлібекұлы,
Қаратөбе ауданы,
zhaikpress.kz