Еңбек адамының қашанда қоғамда мәртебесінің биік тұратыны сөзсіз. Қарапайым еңбек адамы маңдай терімен адал жұмыс жасауының арқасында елге сыйлы жан атанады. Біздің ауданымызда да нәпақасын таза жолмен тауып, қарапайым жұмысшы болып жүрген жандар көп.
Бүгінгі кейіпкеріміз де солардың бірі – Елтай Абдрахманов. Елтай ағамыз – 45 жылдан бері трактор айдап, отбасын асырап жүрген жандардың бірі. Сырым ауданының тумасы 2000 жылы Бөрлі ауданына қарасты Пугачев ауылына көшіп келген. Кейіпкеріміз биыл зейнет жасына толады. Десе де әрі қарай жұмыс істеймін деген ниетте.
Елтай ағамыздың трактор айдауға деген қызығушылығы бала кезде басталған. Ол әкесінің трактор айдағанына қарап, темір терсектердің айналасында жүріп өскен балалардың бірі. 1979 жылы мектеп бітіргеннен кейін Елтай Хұсайынұлы совхоздың штатына механизатор болып кіріп, күзде әскерге аттаныпты. Әскерден келгеннен кейін осы жұмысын ары қарай жалғастырған екен.
Негізінен кейіпкеріміз арнайы мамандықта оқымаған. Бұрын мектеп оқыған кезде трактор-машинист пәні болған екен. Сол пән арқылы оқушылардың бәрі трактор айдауды үйреніпті. Еңбек жолын ауылдың бір бөлімшесінде шөп шауып бастаған. Совхоз құлағаннан кейін біраз уақыт шаруа қожалықтарда істеген екен.
Шаруа қожалықтарда еңбегіңнің ақысы ретінде жем мен шөп беріліпті. Отбасыны асырау үшін ақша керек болғасын, бірнеше рет жұмыста ауыстырыпты. 90-жылдар елімізде қиын кездер болды. Ақша, жұмыс жоқ болған кездер ғой. Сайпын ашылғаннан кейін ағамыз отбасын алып, Ақсайға көшіп келіпті.
Қазіргі таңда қаладағы «АҚСАЙАВТОТРАНС» АҚ-та жасайды. 2016 жылдан бері осы компанияда – трактор жүргізушісі. Кейіпкеріміз 1987 жылы ауыл шаруашылығы күніне орай Мәскеуде өткен Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде (ВДНХ) медаль алған.
– Менің әкем де трактор айдайтын. Сондықтан болар мен кішкентайымнан тракторға үйір болып өстім. Әкемнің қасында жүріп, әр нәрсені шұқылап жүретінмін. Қай жерде жұмыс жасасам да тек трактор жүргізушісі болып жасадым. «ДТ-75» деген трактордан бастап, неше түрлісін айдадым. Атап айтсақ, Беларусь, Қытай, автогрейдер және тағы басқа көптеген тракторларды жүргіздім. Қазіргі жұмысымда қыста кен орнының қарын тазартамыз. Қарашадан наурыздың аяғына дейін қар тазартумен жүрсек, ал жазда шақырту бойынша жұмыс істейміз. Және күнделікті тракторларды жөндеп, тексереміз. 45 жыл біреуге аз, біреуге көп. «Еңбек – бәрін жеңбек» демекші, бастысы таза ниетпен, адал еңбегімнің арқасында нанымды таптым, - дейді Елтай аға.
Елтай Хұсайынұлы – көктемде болған су тасқыны кезінде де еңбек еткен жандардың бірі. Компанияның атынан 4 жүк тиейтін трактор, 3 косемсот, 3 камаз бір апта бойы Орал қаласында болып, көмектескен. Ағамыз да жұмысшылардың қатарында болып, күн-түн демей, жұмыс жасаған.
Су тасқыны кезінде олар жан-жақта болған. Подстепный және Трудовик елді мекендерінде болып, бөгет салуға атсалысқан. Жұмыс ауа райына қарамайды. Биыл тәулік боран болғанда да жұмыс жасаған екен. Тек трактор сынып қалмаса екен деген ойда болыпты.
Кейіпкеріміздің жолдасы Роза Ихсанова ауылдағы СПТУ-да трактор жүргізушісінің оқуын оқыған. Осы уақытқа дейін аспаз, техникалық қызметкер болып жұмыс жасапты. Қазіргі уақытта денсаулығына байланысты үйде. Елтай аға жолдасы Роза апамен үш қыз бір ұл тәрбиелеп өсірген. Қазіргі таңда қыздарын ұядан ұшырып, ұлын үйлендірген. 9 жиен, 3 немересі бар сүйікті ата.
Елтай аға мен Роза апа 1983 жылы отау құрып, бүгінде 41 жыл бір шаңырақ астында балаларын тәрбиелеп, немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
Елтай ағамыз балаларының бәрін қалаған мамандықтарына оқытып, дипломдарын алып берген. Үлкен қызы аудандық ауруханада лаборант, екінші қызы қазақ тілі мұғалімі, үшінші қызы қазіргі уақытта баламен үйде отыр, негізгі мамандығы финансист. Ал ұлы дене тәрбиесінің әдіскері ретінде жасаған, қазір «АҚСАЙАВТОТРАНС» компаниясында әкесі сияқты трактор айдайды екен.
Екінші қызы Жазираның айтуы бойынша, балалардың төртеуі де ақылы оқыған. Балаларын қатарынан қалдырмау үшін аянбай еңбек етіп, бәріне де дипломдарын алып берген.
– Ата-ананың басты міндеті баласын дұрыс жолға салу деп білемін. Кім болса да баласын жамандыққа қимайды. Өзімнің ата-ана ретіндегі міндетімді атқара білдім деген ойдамын. Бәрін бір-бір маман иесі атандырдым. Ұлым қазіргі уақытта өзіммен бірге жұмыс жасайды. Бұрын трактор айдауға қызығушылығы болмайтын. Оның да трактор айдап жүргеніне 5-6 жыл болып қалды. Қазіргі жастарға бір көрсетсең бірден үйренеді ғой. Жастарымыз жалақысы көп жұмысты қалағанымен, оның қиындығына көнгісі келмейді. Көп ақшаны қаласаң соған сай оның ауырлығына да көнуің керек деп ойлаймын. Қандай жұмыс атқарсаңда жауапты болу керексің, - дейді қарапайым еңбек адамы.
Балаларының да ата-анасына деген құрметтері ерекше. Қандай қиындық көрседе ешкімнен кем қылмай өсіргендеріне алғыстары шексіз.
Айдана Ерболқызы
Бөрлі ауданы