Жалпы еңбек туралы айтқанда адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған еңбек жөніндегі ұлағатты сөздерге сүйеніп жатамыз. Иә, адамды адам еткен еңбек екені әлімсақтан белгілі. Жарық дүниеге келген адам өзінің ғұмырында қолынан келгенше қызмет жасайды, еңбектенеді, тырбанады. Біз білетін еңбектің қай түрі де құрметті болса, бірақ ауылда тұратын адамдар үшін механизатор мен малшылардың орны бір төбе. Қаймана қазақтың негізгі діңгегін ұстап тұратын еңбектің бір түрі малшы мен механизатор десек қателеспейміз. Сонау өткен кезеңдерді еске алсақ, көнекөздер «Одақ кезінде малшы мен механизаторға үлкен құрмет көрсетілетін еді. Өйткені, адамға ең бірінші қажетті материалдық игілік азық-түлікті өндіретін, күні-түні уақытпен саанаспай қызмет ететін механизаторлар мен малшылар болатын» дейтін. Бүгінде заман өзгеріп, технология жаңарған шақта малшы мен механизатордың еңбегі әлі маңызын жойған жоқ.
Біз әңгімелейтін кейіпкеріміз 40 жыл бойы техника рөлінде отырған Тұржан Нағымов. Тұржан ағамыз мектеп бітіріп, әскердегі борышын өтегеннен кейін шулы қаладан кәсіп іздемей, туған ауылында қалды. Еңбек етуге бел буды. Содан бері біраз уақыт өткен екен. Сонау 70-80 жылдары ХРСУ мекемесінде алып «К-700» тракторын жүргізді. Сол кезде бұндай алып техникамен ауданның барлық шаруасы атқарылатын. Ауданның шаруашылықтарына және Александров-Гайдан түрлі халық шаруашылығы жүктерін жеткізуде осы техникалардың күшіне сүйенетін. Осы қызметтерді ағамыз абыроймен атқарды. Мұнымен қоса жол мекемесінде қызмет жасап, қазіргідей тақтайдай асфальт жол жоқ кезде, әсіресе жүруге қолайсыз уақыттарда түрлі қызметтерді атқару техникалардың көмегі арқылы жүргізілетін. Техника сынбай тұрмайды. Талай қақаған қыста, шіліңгір шілдеде далада сынып, қалып қойған кездер болды. Осындайда қолы шебер ол өзі жөндеп, жұмыстарды мінсіз атқаратын. Заман өзгеріп, түрлі мекемелер жабылғаннан кейін ағамыз аудандық коммуналдық шаруашылық кәсіпорнына трактор жүргізуші болып жұмысқа орналасты. Айта кету керек, шаруашылық жүргізуге құқы бар бірден-бір кәсіпорынның міндеті коммуналдық қызмет көрсету болғандықтан, жүктелер жұмыс та көп, жауапкершілік те зор. Аудандағы ауыз су құбыры, тазалық мәселелері, ауылдардың шаруашылық жұмыстарын атқару да осы кәсіпорын арқылы жүргізілетіні белгілі. Осындай жұмыстардың барлығы да техника арқылы атқарылатындықтан, тәжірибелі механизаторлардың алар орны ерекше. Міне, осы жұмыстарды ағамыз мінсіз атқарып, кәсіпорынның бүгінгі талап дәрежесінде жұмыс жасауына үлесін қосуда. Қазіргі таңда дені жастар еңбек ететінін ескерсек, Тұржан ағамыз олардың тәлімгері деп айтсақ та қателеспейміз. Жаңадан еңбекке араласып жатқан жастар техникадан ақау шығып, білмей қалған жағдайда ағаларының көмегіне жүгінеді. Бұл алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқынға жалғасып келе жатқан еңбек эстафетасы деп айтуға болады. Осындай өмірден көргені бар, түйгені бар алдыңғы толқын ағалар көп болса ауылымызда техника тілін бес саусақтай білетін жастардың да қалыптасары анық. Тұржан ағамыз тынымсыз еңбегі үшін өзі қызмет істеген ұжымдардан алғыс, марапаттарға ие болса, отбасында да бақытты жан. Қойсын апа екеуі - балаларының қызығын көрген бақытты ата-әже.
Жоғарыда атап өткендей, механизатор мен малшы құрметті де мәртебелі мамандық. Алайда бүгінде трактор жүргізушіге, мал бағуға адамдар құлықсыз. Жоғары басылымдарда малшы мен механизатор ең зәру мамандық болып қалғаны жөнінде пікірлер жазылуда.
Расында да Тұржан ағамыз сияқты механизаторлар жастарға үлгі. Ауылдың экономикасы да осы қызмет арқылы ғана гүлденеді, көркейеді.
Әсем Болат,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz