Бүгінгі таңда отандық өнімдер сұранысқа ие болуда. Соның ішінде қазақ қыздарына арналған тақиялардың сәнге айнала бастауы көз қуантады. Тек тақиялар емес, соңғы жылдары нәзік жандыларға заманауи киімдермен үйлестіріп киетін оюлы кәжекейлер мен сәнді шапандар да нарықта сұраныста тұр.

Трендке айналған тақияны кию қыз-келіншектер арасында жақсы бір үрдіске айналып кеткеніне бірер айдың жүзі болды. Бұрын қыздар үкілі, зерлі тақиялар киген. Қазір сәнге айналған осы тақиялар туралы жерлесіміз, жас дизайнер Диана Даулова былай дейді:
- Сән бір орында тұрмайды. Бұрынғы заманның киген киімдері де заманға сай өзгертіліп қайта жандануда. Қазір қазақ халқына тән барлық өнерді барлығы қолдайды, насихаттайды. Соның себебі шығар, жастарымыз да, үлкендеріміз де ұлттық киімді киюге тырысады.
Биылғы наурыз мерекесі қарсаңында әр өңірде ұлттық киімдерді кию сәнге айналды. Әсіресе қыз-келіншектер ұлттық нақыштағы кәжекейлерді, жас қыздар шапандарды кие бастады. Соған сай бастарына тақия тіктіруге тапсырыс беретіндер көбейді.
Тақияны кез келген киіммен кие беруге болады. Міндетті түрде орамалмен, ұлттық киіммен кию керек деген қағида жоқ. Қазіргі таңда жастар еркіндікті қалайды, кім қалай киінгісі келсе, солай киініп жүр.
-Тақияның заманын өткізу, өткізбеу болашақ жастарымыздың қолында. Жастарымыз қолдап, киетін болса тақияның өмірі ұзақ болады деген ойдамын,- дейді Қазақ технология және бизнес университеті «Сән дизайны» мамандығының студенті.
Қазақ халқының ата-бабамыздан қалған наным-сенім, салт-дәстүрлері бар. Сондай сенімнің бірі - тақияға түрлі ою-өрнек кестелеу, алтын, күмістермен әшекейлеу, үкі тағу. Ол көз тиюден, пәле-жаладан, жындардан көрғайды деген сеніммен тағатын болған. Содан кейін тек бас киімге емес, домбыра т.б жерлерге тағатын болды. Қазірде үкісі бар тақия да, үкісі жоқ тақия да сәнде. Бірақ үкісіз тақия күнделікті өмірде киюге әлдеқайда ыңғайлы. Жастар арасында көбіне түрлі металдармен әшекейленген тақияларға сұраныс көп екені байқалады.

Диана Амангелдіқызынан жерлестеріне тақияның қарапайым тігілу жолдарын түсіндіруін сұрап, шағын лайфхакты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
- Ең бірінші, бізге тақияны тігу ушін бір ғана өлшем керек. Ол бас айналымы. Біз қазір стандарт 56 см аламыз. Тақияның төбесін шығару үшін 56 см-дің радиусы 9,7 см (стандарт) болады. Суреттегідей шеңбер сызып аламыз. Одан кейін ортасынан 4,5 см алып тастаймыз. Осындай бізде екі дана болады. Тақияның формасын ұстау үшін ортасына дублерин саламыз және екі шеңберді бір-бірімен айқастырып желімдік өрмек (клеевая паутинка) салып қосамыз.
Тігін машинасымен екеуінің ортасын зигзаг тігіспен тігіп шығамыз. Келесі бізде маңдайшасын шығару. Оның ені 56 см, ұзындығы 6 см болады.
Матаға түсіргенде ұзындығын 12 см етіп сызып, екіге бүктейміз. Оның да формасын сақтауы үшін ортасына дублерин матасын саламыз. Екі жанын зигзагпен қосамыз.
Тақияның төбесі мен маңдайшасын зигзаг тігіспен қосып шығамыз. Міне, біздің тақиямыз дайын. Енді, кімге қандай дизайн ұнайды сол бойынша әшекейлеп, кестелеп, түрлі сурет салып әдемілеп аламыз.
Тақияны кез келген матадан тігуге болады. Мен ұсынып отырған тақияны тігуге бархат, велюр, эко кожа маталары жарайды.
Шығыны шамамен 2-5 мыңның арасында шығады. Ол сапасы мен дизайнына байланысты,- деді ағынан жарыла Диана.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz