18.06.2025, 11:00
Оқылды: 175

Туған өлке – тұнған тарих

Тарихи – мәдени мұраны дәріптеу бағытында жуырда жастар арасында ерекше мазмұнды шара өтті. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының және ғылыми жетекшілері Жанар Құрымбаева, тарих ғылымдарының магистрі, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Қарақалпақ филиалының ізденушісі Айболат Құрымбаевтың ұйымдастыруымен Батыс Қазақстан облысының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Туған өлке – тұнған тарих» атты ғылыми-зерттеу жобалары байқауы өткізілді.

ТУҒАН ӨЛКЕ – ТҰНҒАН ТАРИХ

Жас ұрпақтың туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін оятып, оның тарихы мен мәдениетін терең тануға баулуды мақсат қойған ұйымдаструшылар студенттердің ғылыми-зерттеу әлеуетін арттырып, отансүйгіштік рухта тәрбиелеу бағытында мазмұны терең бағдарлама ұсынды.

Байқау екі бағыт бойынша өтті: топонимика (жер-су атаулары) және антропонимика (адам есімдері мен тұлғалар тарихы). Облыстың түкпір-түкпірінен 25 ғылыми жұмыс қабылданды. Жұмыстарды сарапқа салған құрам – тарих және филология ғылымдарының кандидаттары мен магистранттар, доценттерден құралған білікті қазылар алқасы. Топонимика бағыты бойынша бірінші орын – Шыңғырлау колледжінің студенті Еркежан Халелова, «Туған өлке – тұнған тарих» жобасы (жетекшісі: Жания Суиндыкова); екінші орын – Орал ақпараттық технологиялар колледжінен Валерия Матвеева, «Жайық бойындағы елдімекендердің топонимдерін географо-лингвистикалық және этимологиялық тұрғыда зерттеу» (жетекшілері: Гүлжан Исмагулова, Ольга Егорова); үшінші орын Зарина Ермағамбетова (Бөрлі колледжі) – «Бөрлі ауылындағы көше атауларының тарихы» (жетекшісі: Нұргүл Лукбанова) бұйырды.

Зерттеу – болашаққа бастар жол. Байқау аясында қатысушылар Теректі ауданындағы табиғи және тарихи нысандармен танысып, «Сәуір ата жары», «Емен орманы» мен өлкетану музейіне экскурсия жасады. Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталып, жетекшілеріне алғыс хаттар тапсырылды.

Мұндай мазмұнды шаралар жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың ізденісін, зерттеуге деген қызығушылығын дамытады. Болашақта осы бағыттағы байқаулар дәстүрлі түрде жалғасын тауып, жаңа есімдер мен тың зерттеулерге жол ашатын болады.

Айжарық Нұр,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале