27.04.2022, 11:31
Оқылды: 67

Туған өлкені тану туризмнен басталады, алайда....

Елімізде туризмді дамыту, соның ішінде жас ұрпақты туған жерін құрметтеуге баулу, өлкетану және экологияға деген көзқарасты қалыптастыру секілді жұмыстарға басымдық берілуі тиіс. Бұл сөзіміз «Рухани жаңғыру» бағдарламасында қамтылған идеямен үйлесім табады.

IMG-20220426-WA0023

Туризм –  жеке адамның не ұжымның  демалыс немесе спортпен шұғылдануы, сондай-ақ мәдениетпен және табиғатпен тілдесу мақсатында жасайтын жоспарлы саяхаты. Соның ішінде балалар туризмі – мектеп қабырғасында туған өлкені танып-білуге, мектепте алған дене тәрбиесі мен денсаулығын жақсартудағы білімін молайту мақсатында жүргізілетін саяхатшылық сапарлар болып табылады. Және балалар туризмі ішкі туризмді дамытудың, туристік мәдениетке тәрбиелеудің негізгі факторы санатында.

Жалпы алғанда балалар туризмін дамытудың басты мақсаты – келешек ұрпақты жігерлі де қайсар, өз өлкесін шынайы сүйетін патриот, өз елінің дәстүрлері мен тарихын, мәдениетін құрметтейтін, салауатты өмір салтын ұстанатын ұрпақты тәрбиелеп шығару.

Осы мақсатта ауданымызда туризм орталығы жұмыс істейді. 2009 жылы Теректі аудандық балалар шығармашылық үйінен бөлініп шығып, дербес орталық болған. Алайда шығармашылық үйінен  ұзай қоймаған. Туризм орталығын іздегендер бүгінгі таңда балалар шығармашылық үйі ғимаратының бір бөлігінен таба алады.

IMG-20220426-WA0024

Орталық жұмысымен танысу үшін сырты солғын тартқан ғимаратқа қарай аяңдадық. Бізді туризм орталығының су жаңа басшысы Жасұлан Мұхамбетов қарсы алды. Жаңа басшы орталық жұмысына енді еніп, алдағы жоспарларын сараптап жатыр екен. Сол себепті ойын қысқа қайырды.

IMG-20220426-WA0022

-Туризм орталығының жұмысы барша теректіліктердің назарында. Орталық үш бағыт бойынша, яғни өлкетану, экология және туризм секілді бағыттарды қамтыған үйірмелер арқылы жұмысын жүргізеді. Облыс бойынша Теректі туризм орталығы төртінші орында тұр. Біз бастысы нәтижеге жұмыс істейміз. Алда көптеген жоспарлар бар. Жас ұрпақтың жүрегінде туған жерге деген махаббат мықтап бекуі тиіс. Сол бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз,- деді Жасұлан Сапарбекұлы.

Бүгінгі таңда орталықта барлығы 42 педагог қызмет атқарады. Жоғарыда аталған үш бағыт бойынша 570 оқушы үйірмелерде білімдерін жетілдіруде. Алайда орталықтың қазіргі орналасқан ғимараты аядай үш бөлмеден тұрады. Ғимараттың іші-сырты келіскен десек, тағы жаңылысамыз. Материалдық-техникалық база да тап керім емес. Оқушыларды табиғат аясына, я болмаса түрлі жарыстарға апаратын көліктің де тозығы жеткен. Бірақ орталық қызметкерлері ешкімге мұң шаққысы жоқ. Олар еңбектенудің арқасында жоғары нәтижеге жетсек, жұмыстың алға басуы сол деп есептейді.

IMG-20220426-WA0026

-Тақсай ауылында туристік база бар. Көптеген облыстық деңгейдегі жарыстар сол базада өтеді. Әрине, орталықтың басыбайлы ғимараты болғанын қалаймыз. Алайда ғимарат біздің жұмыс жасауымызға кедергі деуге тағы болмайды. Ең бастысы – біздің білікті мамандарымыздың жемісті жұмысы. Қазір теректілік балғындар облыс, республика, тіпті халықаралық деңгейде үздік атанып жүр. Ол - ұстаздардың еңбегі. Мысалы, Подстепный ауылындағы Ерлан Сағиналин деген жасты ерекше атауға болады. Спорттық бағдарлау бойынша шәкірт тәрбиелеп жатқан Ерлан өз ісін жақсы көреді. Жуырда Ерланның шәкірттері республикада топ жарып, енді Францияда ел намысын қорғайды. Облыс көлемінде спорттық бағдарлау бойынша үздік маманның бірі - теректілік Фархат Сырымұлы дер едім. Тау туризмін өрге домалатып жүрген ақсуаттық Нұрболат Дүйсенғалиевті де ерекше атап өтуге болады. Міне, осындай өз ісінің шеберлері бар кезде ауданда туризм саласы дамиды деп ойлаймын. Бала деген құдды шырақ іспетті. Оларды жаға білуіміз керек,- дейді туризм орталығы басшысының оқу-әдістемелік ісі бойынша орынбасары Саржан Ибатов.

IMG-20220426-WA0027

Саржан Ибатов тілге тиек қылған Ерлан Сағиналинді теректіліктер жақсы таниды. Расымен, өз ісін жан-тәнімен сүйетін Ерланның шәкірт дайындаудағы қабілеті көзге ұрып тұрады. Оның айтуынша, аудан аумағында туризм саласының дамуына әріптестері айтарлықтай үлес қосуда.

-Аудандағы туризм орталығында қызмет атқарғаныма шамамен төрт жылдай уақыт болды. Менің бұл салаға деген қызығушылығым мектеп қабырғасында жүргенде оянды. Шыны керек, ауданда балалар туризміне көңіл жоғары деңгейде бөлінеді деп айта алмаймын. Материалдық-техникалық базаны жаңарту мәселесі деп күн тәртібінде тұр. Әкімдік тарапы осы жағына көңіл аударса екен. Одан кейін аудан бойынша балалар туризмі дамыған тек Подстепный мен Ақсуат ауылы. Өзге ауылдарда осы бағытқа қызығатын оқушылар бар, тек мүмкіндік жоқ. Туристік база тым алыста орналасқан. Қыста ол жерге бару мүмкін емес. Мен жеке өзім спорттық бағдарлау бағытында жүрмін.Компаспен, картамен жүгіру дегендей. Оған да арнайы шетелдік құралдар керек. Ондай құралдар тек облыста және Бәйтерек ауданында ғана бар. Соған қарамастан біздің оқушыларымыз облыстың екі дүркін чемпионы болды. Нәтиже бар салаға қолдау да болуы тиіс қой,- дейді жас маман.

Жалпы, туристік-өлкетану бағытындағы балалар ұйымдарының желісі ХХ ғасырда қалыптасты. Бірақ жаңа ғасырмен қоғамымызға дендей енген нарықтық жүйе балалар туризмінің де ту-талапайын шығарып, өз әмірін жүргізгендей әсер қалдырады. Кеңестік кезеңнен қалған балаларға арналған туристік нысандардың басым бөлігінің қазіргі ахуалы халықаралық стандарттарға сай келмейді, техникалық жағдайы үрей туғызады немесе материалдық техникалық базасы ескірген, кейбірі мүлдем жойылған. Оған жоғарыда пікір айтқан кейіпкерлеріміздің сөзі дәлел.

Қосымша білім беру ұйымдары – балаларға арналған әлеуметтік институт. Бұл баланы жеке тұлға ретінде дамытуға, білімі мен ой-өрісін жетілдіруге, ұлттық қасиеттерді бойына сіңіруге, өзін өзі дамытуға, көшбасшылық бітімді игеруіне алғышарт бола алады. Жан дүниесі таза жеткіншек табиғатты жақсы көреді. Осы тұрғыда педагогтың міндеті – балалар туризмі арқылы тәрбиелеу. Бұл баланың келешегін айқындайтын дүние. Сондықтан бүгінгі жедел өзгерістерге толы әлемде балалар туризмін дамыту өте өзекті.

Алайда, аудандағы балалар туризмін дамытуға тікелей жауапты орталықтың жағдайы көңіл көншітпейді. Техникалық базаны айтпағанда, орталықтың басыбайлы ғимараты жоқ. Теректінің тылсым жерлерімен оқушыларды таныстырайын десе оған лайықталған көлік те жоқ. Бірақ өз ісін жақсы көретін ұстаздар мен жанарында оты бар жеткіншектердің арқасында Теректінің балалар туризмі алдыңғы қатарда. Осы жетістікті ұстап тұру қаншалықты мүмкін? Жас мамандарға жағдай жасамауымыз себепті олар қала жағалап кетсе ше? Техникалық базаны жаңғырту қай жылдың еншісіндегі жұмыс? Осы сауалдарға жауапты басшылар нақты жауабын береді деп ойлаймыз. Себебі газет көтерген мәселенің жүгі ауыр.

Әділет Орынбасарұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале