«Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын», - деген Елбасының тапсырмасын Ақсай жастары да қолдауда.
Елбасы мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы жастардың туған жерге деген сүйіспеншілік сезімінің шоғын үрлей түсетіні анық. Бүгінгі күн біз үшін өміріміздің мәні, қайрат-жігеріміздің, қабілетіміздің бастауы. Себебі Бөрлі жері де басқа өңірлерден қалыспай, руханият, мәдениет жағынан алдыңғы қатарда.
Бөрлі аудандық демалу орталығы директорының орынбасары Айнагүл Каримованың жетекшілік етуімен Ақсайда «Туған жерге тағзым» Ақсай қалалық жас мамандар штабы құрылды. Мұндағы мақсат - өңіріміздің тарихын зерттеу, кейінгі ұрпаққа мирас ретінде қалдыру. Аталмыш танымдық сапар Бөрлі ауданына қарасты Ақбұлақ ауылдық округінен бастау алды. Әртүрлі сала мамандарының бірігуімен ұйымдастырылған сапар мазмұнды да мәнді және ерекше сәттерге толы болды.
- Жүрегі "елім" деп соққан әр азамат «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосуы керек. Ел тұтқасында отырған аптал азаматтар туған жеріне сапар шегетін бұл бағдарлама жастарға үлгі болары анық. Алдағы уақытта Тәуелсіздік күніне қарсы, яғни тәуелсіздікке тарту ретінде деректі фильм мен кітап шығармақпыз, – деген ойымен бөліскен штаб жетекшісі барлық ауылдық округтерді қамтитынын тілге тиек етті.
Аида ЕСЕНАМАНҚЫЗЫ
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz