4.05.2022, 12:00
Оқылды: 44

«Туған жерге тал егеміз...»

Сырым ауданы Алғабас ауылдық округінде «Менің аулам – менің бағым» жобасы бойынша елеулі істер атқарылуда. М.Қаналиев атындағы орта мектептің биылғы түлектері естелік ретінде білім алған ұяларының ауласына 20 түп алма ағашының көшетін екті.

IMG-20220424-WA0252

Осыған дейін жергілікті жиында ауыл мұғалімі Нұрболат Жұмағазиев Алғабастың 2 шақырымдық кіреберіс жолының жиегіне ағаш отырғызу ұсынысын көтерген еді. Ауылдың 1985 жылы туған ұл-қыздары кеше жолдың қос қапталына 500 түп қарағаш пен теректің талын отырғызды. Мамыр айында мектеп бітіргендеріне 20 жыл толатын «сексен бестер» туған мекендеріне осылай құрмет көрсетті.

"Боран соқса, кіреберіс жолды қар басып қалады. 2002 жылғы түлектер сол мәселені біржола шешіп беруге тырысуда. Жол жағалай егілген ағаш қыста қарға қалқан, жазда сая, көлеңке болады. Бұл талдарды малға жегізбей, қуартпай, суарып, өсіруге әрқайсымыз себепші болуға тиіспіз",-дейді Нұрболат.

«Менің аулам – менің бағым!» ұранын негізінен жеке тұрғындар жақсы қолдаған екен. Алғабас ауылдық округі әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, 16 жеке аула 89 түп жеміс ағашын еккен. Мемлекеттік қызметкерлер де әкімшілік ғимаратының ауласына 11 тал жеміс көшетін отырғызды.

 

Б.Ширмединұлы

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале