8.02.2026, 16:44
Оқылды: 1

Туған жерге тартар тағылымды кездесу

Орал қаласында Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов ауданнан шыққан, бүгінде жоғары және арнаулы оқу орындарында білім алып жүрген студент жастармен кездесті.

IMG-20260207-WA0014

Кездесудің ашылуында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Мұхамбетова сөз сөйлеп, соңғы жылдары Казталов ауданында атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша шолу жасады. Жиын барысында қатысушыларға ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылым, білім, мәдениет және спорт салаларындағы жетістіктерді қамтыған бейнероликтер ұсынылып, жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.

Басқосудың басты мақсаты – жастармен ашық әрі мазмұнды диалог орнатып, ауданның даму бағыты, қолға алынған жобалар мен алдағы жоспарлар туралы кеңінен мәлімет беру болды. Осы орайда аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы өз сөзінде соңғы жылдары ауданда атқарылған жұмыстарға арнайы тоқталып, инфрақұрылым саласында орын алған оң өзгерістерді атап өтті.
– Туған жерге қызмет ету – әр азаматтың қасиетті парызы. Ал білімді, білікті жас – елдің ең басты капиталы, – деген аудан басшысы жастарды елге адал еңбек етуге, жауапкершілік пен отансүйгіштікке үндеді. Бұл тағылымды ойлар студенттерге ерекше әсер қалдырды.

IMG-20260207-WA0017

Сонымен қатар кездесуде білім, медицина, ауыл шаруашылығы және өзге де салаларда бос жұмыс орындарының бар екені айтылып, жастарды туған жерге оралып, еңбек етуге шақырды. Бұл бағытта мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары мен мүмкіндіктер де кеңінен сөз болды.

Еркін форматта өткен кездесуде студенттер ауданның даму перспективасы, жастарды жұмыспен қамту, тұрғын үй мәселесі, әлеуметтік қолдау тетіктері жөнінде өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Аудан әкімі қойылған әрбір сұраққа нақты әрі тұшымды жауап беріп, жастардың ұсыныс-пікірлеріне ерекше назар аударды.

IMG-20260207-WA0016

Ашық пікір алмасуға негізделген бұл басқосу жастар мен жергілікті билік арасындағы байланысты нығайтып, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.
Шара соңында аудан әкімі студенттерге оқу жолында сәттілік тілеп, елдің ертеңі – білімді де білікті жастардың қолында екенін атап өтті.

Ернәсіл Рысқали

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале