17.02.2022, 20:42
Оқылды: 84

Туған жерін түлеткен тұлға

Жуырда Жаңақала ауданының 1992-2010 жылдардағы әкімі, «Жаңақала ауданының құрметті азаматы», көрнекті қоғам қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Төлеген Мерғалиевтің туғанына 75 жыл толуына орай еске алуға арналған спорттық іс-шара, сазды кеш өтті. 

IMG-20220217-WA0044

Алдымен аудандық спорт кешенінде Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының қолдауымен Жаңақала ауданы әкімдігінің  ұйымдастыруымен  облыстық ашық турнир өтті. Ерлер командалары арасында өткен волейболға әртүрлі қала, аудандардан спортшылар келіп, бақ сынады. Төлеген Тастайұлының құрметіне ұйымдастырылған турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Дархан Закарин, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров, «Жайық Пресс» ЖШС медиахолдингінің бас директоры Табылғали Сапаров, Лавр Хайретдинов, Ербол Салыхов, Айдар Батырханов, Серік Сүлеймен, Рашид Карменов, Серік Сүндеткалиев, Қуаныш Кенжеғалиев, Наурызбай Қарағойшин, Бауыржан Атауов, Орал қаласының бас имамы Русланқажы Сұлтанов, Нұр-Сұлтан қаласынан Рашид Ахметовтің жолдасы Венера және ұлы Рустам, КазИИТУ университетінің құрылтайшысы Ақсерік Айтимовтің ұлы Дамир Аксерікұлы, әнші композитор Жаскелең Ғайсағалиев, Төлеген Тастайұлының үзенгілес достары, отбасы және жұбайы Дина Ахметқалиқызы қатысып, құрметті қонағы болды. Жарыс барысында алғаш боп құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Дархан Әмірханұлы:

- Бүгінгі спорттық шараға облыс орталығынан, ағамызбен бірге қызметтес болған, бірге қоян-қолтық жұмыс істеген, еліміздің дамуына үлкен үлес қосқан азаматтарымыз келіп отыр. Баршаңыз да қош келдіңіздер. Ағамыздың атқарған еңбегі Жаңақала ауданына, қалаберді облысымызға, елімізге танымал. Атқарған еңбектері дәріптеліп, көптеген дәрежелі марапаттарға ие болды. Бүгінгі шараға қатысқалы отырған спортшыларға сәттілік, жеңіс тілейміз. Жарыс болғандықтан мұнда жеңіс те, жеңіліс те болады. Дина апамызға, ұрпақтарына ағамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын деймін. Ағамыздың туғанына 75 жыл толуына орай еске алуға арналған шарамыз дәстүрге айналмақшы, - деп лебізін білдірді. Одан әрі ардагер, Төлеген Тастайұлының ағасы Төлеуғали Мерғалиев, Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есенаманұлы, Ербол Гумарұлы, Серік Кенжебекұлы, Наурызбай Қадырбайұлы, Дамир Айтимов, Төлеген Тастайұлының баласы Асылбек Төлегенұлы сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Тартысты өткен турнир

Спорттық жарыста Ақтөбе қаласына қарасты Қобда ауданы, Атырау қаласы, Атырау қаласынан Қызылқоға ауданы, Индер ауданына қарасты Өрлік ауылдық округі, Орал қаласы, Ақжайық ауданы, Бөрлі ауданы, Сырым ауданы, Казталов ауданы, Шыңғырлау ауданы, Жаңақала ауданынан қос командаларының үздік спортшылары өнерлерін көрсетуге келіп, ойынды бастап кетті. Ойындар тартысты әрі қызықты өтіп, нәтижесінде жүлделі I орынды Сырым ауданының құрама командасы иеленді. II орынды Казталов ауданының командасы қанжығасына байласа, III орынды Жаңақала ауданының командасы еншіледі. Одан әрі номинациялар бойынша «Үздік ойыншы» бағамына Данияр Бакишев (Сырым ауданы), «Үздік қорғаушы» бағамын Ерқанат Жансерік (Атырау қаласы) жеңіп алса, «Үздік байланыстырушы» бағамын Абзал Сапарғалиев (Казталов ауданы) лайықты деп танылды. Облыстық ашық турнирдің бас демеушісі Төлеген Тастайұлының ұрпақтары. Жарыстың жалпы жүлде қоры – бір миллион теңге. Соның ішінде жүлделі орындарға ие болған командаларға I орынға 500 мың, II орынға 300 мың, III орынға 200 мың және кубок, дипломдарымен, медальдарымен, номинацияларға бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жаңақала ауданының құрметті азаматы, зейнеткер Закария Сисенғали облыстық кәсіподақ ұйымының диплом және естелік сыйлығын І, ІІ, ІІІ орын алған командаларға табыс етті.

«Ер есімі – ел есінде»

Төлеген Тастайұлының зират басына барып, құран бағышталды. Тағылымды шара аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен Т.Тастайұлының құрметіне орай «Ер есімі – ел есінде!» атты еске алу кешімен жалғасты. Аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы көрме ұйымдастырып, «Елге елеулі азамат» тақырыбында Т.Тастайұлы жарияланған газет-журнал, кітаптар жинағын көрермен назарына ұсынды. Бейнебаян арқылы 18 жыл халқының қамы үшін қызмет етіп, елінің сүйікті ұлына айналған, үлкенді ұлықтап, кішіні құрметтеп, адамгершілік мен ізеттілік қасиет танытып, тектілігімен талайға таңдай қақтырған Төлеген Тастайұлының қысқаша өмірбаяны, жетістіктері көрсетілді. Аудан әкімі Д.Әмірханұлы алғы сөз сөйлеп, Т.Тастайұлының жары Дина Ахметқалиқызына қазақы комзол жауып, гүл шоқтары ұсынып, құрмет көрсетті. Аудандық мәдени-демалыс орталығының өнерпазы Мерей Жұмашев Асылбек Ишановтың «Туған жерін анасындай сүйеді» атты арнауын оқыды. Содан соң кеш қонақтары, яғни Төлеген Мерғалиевтің үзеңгілес достары, әріптес аға-інілері Рашид Қарменұлы, Айдар Тапашұлы, Табылғали Саткалиұлы, Серік Қаресұлы, Лавр Рашидұлы еске алып, бірге өткен сәттерімен бөлісті.

- Төлеген Тастайұлының 75 жасқа толуына байланысты еске алу кешіне қатысып отырмыз. Сөйлеген біздің жолдастар Төлегеннің еңбегі, елге істеген қызметі, Жаңақала жұртшылығының әлеуметтік жағдайларын көрсету жөнінде айтып жатыр. Біз де оның қасында бірге жұмыстас, қызметтес болдық. Әрі мен Төлегенмен құрдаспын. Ол қай жерде болса да әзіл-әңгімесін маған айтып отыратын-ды. Закария Сисенғалидің Төлеген туралы облыстық «Орал өңірі», аудандық «Жаңарған өңір» қоғамдық-саяси газетіне жариялаған «Еңбегі ерен, абыройы асқақ азамат еді» атты мақаласында қандай оқушы болғанын, мектепте өзін қалай ұстағанын жазыпты. Ол 1963 жылы мектеп бітірді. Менен бір сынып жоғары оқыды. Мен 1965 жылы мектепті бітірдім. Содан кейін көрген жоқпын. Төлегенмен қарым-қатынасымыз жақсы болды. Әкім болған кезінде әр аптаның жұма күнінде халықты жеке қабылдау болатын еді. Сол кезде оның сағат 9:00-ден бастап, кешкі сағат 17:00-ге дейін, келген тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін, мәселелерін тыңдап, қолынан келгенше көмегін беріп жатады, - деді Айдар Батырханов Т.Тастайұлымен бірген өткізген кездерін еске алып. Одан әрі аудандық мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары ән-күйден шашу шашты. Қуанышбек Айдарбеков «Жан аға», Амангүл Сисенова «Әкеге сағыныш» әнін, Нұржан Отарбаев пен Болатбек Өтешқалиев Қ.Ахмедияровтің «Бауырым» күйін орындады. Бұдан соң «Жаңақаланың жаны жомарт жайсаңы!» атты  поэтикалық композицияға кезек берілді. Рахымжан Төлегенов Закария Сисенғалидің «Жеріңнің туын ұстадың», Салтанат Серікова Ботагөз Баймұқанқызының «Нарында туған наркескен», Құрмет Құспанов Закария Сисенғалидің «Азаматы елімнің» атты өлеңін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар еске алу кешінде Төлеген Тастайұлына арналған Закария Сисенғалидың сөзіне жазылған, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, әнші-композитор Жаскелең Ғайсағалиевтің «Жан аға» әнінің тұсауы кесілді. Одан әрі Төлеген Тастайұлының асыл жары, адал досы, өмірлік серігі бола білген Дина Ахметқалиқызы сахна төріне келіп, ізгі лебізін білдірді.

- Біріңізге жерлес, біріңізге жұмыстас, аға-іні, замандас болған ерімнің 75 жасқа толуына арналған еске алу кешіне қош келдіңіздер. Нұр-Сұлтан, Орал қаласынан келген дос-жолдастарына, әріптестеріне, сыйластығы жарасқан інілеріне, шәкірттеріне алтын уақыттарыңызды бөліп, рухын сыйлап келгендеріңіз үшін мың алғыс айтамын. Алла разы болсын.

IMG-20220217-WA0043

Осы іс-шараны ұйымдастырып отырған аудан әкімі Дархан Әмірханұына және сіз арқылы аудан әкімшілігінің ұжымына отбасымыздың атынан алғысымызды білдіреміз. Азаматтың сырттағы жұмысы жемісті болуы үшін отбасының жанын түсініп, қолдау көрсетіп отырғанымыз сол жылдары нағыз бақытты кезіміз. Амал не, сұм ажал ортамыздан алып кетті. Туған жерінің мәңгілік қонағы болды. Оған өздеріңіз куәсіздер. Біз Тәңірге асыл азаматымызды алды деп айтпаймыз. Біз Тәңірге осындай азаматымыздың болғаны үшін ризамыз. Азабы өзімдікі, абырой халықтікі деп, еңбек еткен Төлегенді айналайын елі соңғы сапарға ардақтап шығарып салды. Барша жұртшылыққа бақытты ғұмыр, баянды тұрмыс, мол дәулет болсын деп тілеймін. Еліміз тыныш, халқымыз аман, Жаңақаламыз көркейе берсін, - деп Д.Ахметқалиқызы ризашылығын білдірді. Тау тұлға, елдің ардақтысын сағынышпен еске алған кештің соңында балалары Төлеген Тастайұлына арналған «Жан аға» әнінің авторларын сахна төріне шақырып, шапан жауып құрмет көрсетті. Төлеген Тастайұлындай елі қадірлейтін, ұрпағы үлгі алатын азаматтарымыз көп болсын деген тілекпен кеш өз мәресіне жетіп, естелік суретке түсумен аяқталды.

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале