Бүгінгі ортаның бір дерті – біздегі қоғамдық мәдениеттің әлі толық дамымай жатқаны! Иә, көшедегі бейбастақтық, жол үстіндегі тәртіп бұзу, жақсыны бүлдіру, дұрысты бұзу – осы қоғамдық мәдениеттің төмендігінен. Бүлдіріп көзімізге түспесе де, жол белгілерін қисайтып, шамдарды сындырып билбордты жыртып кететіндер жетерлік. Яғни, әлеуметтік желіден көріп жүрген «цивилизациялы қоғамға» біз әлі жетпеппіз, санамыз әлі өспеген.
Сурет: pixabay.com
Айтпақшы, қоқыс төгу, үй-жай айналасын таза ұстау да қоғамдық санаға тікелей қатысты екенін ескере жүріңіз. Сондықтан, тазалық деген түсініктің өзі алдымен адам санасынан орын алатынын біліңіз.
Өздеріңізге белгілі, қоқыс мәселесі аса өзекті. «Уақтылы алынбайды, жұмыс істелмейді» деп тұрғындар ренішті, «уақтылы төлемейді, жұмысты жүргізу үшін де қаржы керек» деп мердігер қапа...!
Қалайда бұл істің қисыны кетіп, контейнерлердегі қоқыс асып төгіліп, жетер жеріне жетпей «желкесі қиылған» пакеттердің «жүгі» көшені алып кеткелі қашан. Әрі-беріден соң ауыл-аудан деген атымызға ұят, алайда соны істеп жүрген өзіміз! Өзіміз дейтінім, қоқысты ешкім даладан әкеп төгіп жатқан жоқ, өзіміздің тиісті орнынан жеткізіп, контейнерлерге салмай, жол-жөнекей шашып кетуімізден боп жатыр.
Қазір Шыңғырлау ауданы орталығында 200-ден аса қоқыс жәшігі бар, оның бәрін тазартып отыру қарайған жұмыс екені белгілі. Шетінен тиеп кетіп жатқанда біте қоймайтын жұмысты біз жеткізбей шашып, одан сайын қиындатамыз. Қала берді арнаулы бөліп қойған қоршауларын да сындырып тастаймыз. Бұл әлгі мердігерге қосымша жұмыс, яғни қоқыс шығаруды міндетке алған адам жалпы контейнерлер жағдайын, тұрған орны мен қоршауларын күтімге алуы міндеттелген.
Енді өзіңіз ойлап отырсаңыз, күнделікті тазарту жұмысы, техникалар қозғалысы, көрсетілетін күтімге қыруар қаржы керек. Бөлінген ақшаның бәрін бірдей жаппайтыны тағы белгілі, қосымша көмек – халықтан түсетін төлемақы. Ал ол бізде әдетте жиналуы қиын, дауы көп мәселе. Ай сайынғы төлемді бірнеше айға кешіктіргендер, уақтылы тазаламадыңыз деп ерегесіп төлемей жүргендер де бар. Осыдан кейін қандай шаруа оңынан жүре қояды дейсіз. Бұған дейінгі қоқыс мәселесі осындай жағдайда боп келді.
Енді, құрметті жерлестер, қоқыс шығару жұмысының басына жаңа мердігер келді. 15-ші маусымнан жұмысын бастап та кетті. Міндетті жұмыстары алдағы шілде айынан басталуы керек болса да, жарты ай бұрын іске кірісіп, көптен үйілген қоқыстарды шығара бастады.
Бұл өз ауылдасымыз, жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Ерлан Қарабалин ныспылы азамат. Қол астында «Камаз» жүк көлігі, тиеуші және қоқыс шығарушы арнайы техникасы бар ол 4 адамды жұмысқа алып, көптеген контейнерлерді тазартып тастады.
– Ауыл өзіміздікі, осы ауылда туып-өстік, қай көшесіне барсаң да шашылған, үйілген қоқыс көп. Бұлай болмайды ғой, ол қоқыстан иіс шығады, ауру тарауы мүмкін, оны өзіміз, балаларымыз жұтады, соны неге адамдар ойланбайды екен. Үй болған соң қоқыс болады, арнайы жасалған орындар, контейнерлер тұр, соған шашпай жеткізіп, тура контейнердің ішіне тастауға болады ғой.
Ол туған ауылыңа, айнала көршілеріңе, өзіңнің көшеңе, өзіңе жасаған қамқорлық, сыйластық емес пе?!
Міне, екі апта бұрын бастап кеттім, тегін жасап жатырмын әзірге, уақыт күтіп отыруға шыдамымыз жетпеді, контейнерлер иістеніп, әбден бүлініп кеткен, маңына жақындау мүмкін емес, бірақ бәрібір тазарту керек қой, біз сол қиын жұмысты үнсіз тындырып жатырмыз.
Тұрғындарға үлкен өтініш қоқысты тура контейнерге жеткізіп салсын, сойылған малдың қан-жыны, тері-терсегі, үй жануарларының өлекселерін тікелей қоқыс полигонына шығарсын, контейнерлер ондай қоқысқа арналмаған. Контейнерге ыдыстарға сыймайтын үй мүліктері, жиһаздар, құрылыс материалдарының (шиферлар, әйнектер, қаңылтырлар, есік-терезелер, т.б.) қоқыстарын салуға да тиым салынады. Мұндай заттар тікелей полигонға шағарылуы тиіс.
Біз қазір барлық контейнерлер мен олардың айналасын тазартып алуға күш салып жатырмыз. Одан соң олардың жандарын тегістеп, қоршап, дұрыстауға кірісеміз. Жұмыс жүріп кеткеннен кейін контейнерлерді арнайы ертінділермен өңдеп отыру, жөндеу жұмыстарын да жүргізетін боламыз, - дейді жаңа мердігер.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына...» деген халық сөзі бар, қадірлі жерлестер, жасаймын деген жанға қолдау өзімізден. Қоқысыңызды көшеден тергізбей, өзіңіз мұқият, тиісті жеріне төгіп жүріңіз. Бұл – тазалаушыларға ең үлкен көмек. Содан соң, төлемін де кідіртпе, бұл да үлкен қолдау болмақ.
Төлемақы бұрынғы мөлшерінде, яғни, адам басына айына 226,34 теңге боп өзгеріссіз қалды. Төлем төлеу де сол бұрынғы қалыпта телефон қосымшалары арқылы аударым немесе электр қуаты үшін төлемге қосымша тіркеліп төлене береді.
Өз ауылымызға, көшемізге қомқорлықпен, перзенттік сүйіспеншілікпен қарайық, жерлестер, осы жерде өсіп-өніп, ұрпақ өрбітудеміз.
Қазақтың шайыры Қадыр «Өзге елдің жеріндегі мола, өзің жатсаң да сенікі емес» демекші, туған топырақ, туған ауыл қымбат, ағайын, тек қадірін білейік!
Қаршыға Елемесов
Шыңғырлау ауданы