1.09.2022, 15:30
Оқылды: 62

Түлектер ауылға субұрқақ тарту етті

1 қыркүйек күні “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасының “Туған жер” арнайы жобасы аясында Казталов ауданы, Ақпәтер ауылының орталығындағы мектеп ауласына заманауи үлгіде жабдықталған сәнді жаңа субұрқақ ашылды.

1

Субұрқақты ауылға тарту ретінде Ақпәтер орта мектебінің 2012 жылы бітірген мектеп түлектері бастама көтеріп 1 200 000 теңге қаражатқа салып берді. Ашылу салтанатында сөз алған округ әкімі Төлеген Сүйінішқалиев сәнді субұрқақ ауыл тұрғындары мен қонақтары үшін серуендеп, тынығатын орынға айналатынын баса айтып, осы іске бастамашы болған 10 жылдық түлектерге аудан әкімі Р.Зұлқашевтің алғысхатын табыстады.

2

Мектеп ауласында орналасқан субұрқақ бір тостағаннан тұрады. Биіктігі 2,5 метр. Ал, астауының сыйымдылығы 4 шаршы метр. Су бүркіп тұруымен қатар, мектеп ауласындағы су ұңғымасынан шығатын суды жинақтау қоймасы болмақ.

3

Жаңадан ашылған субұрқақ күзгі кештерде ауыл тұрғындарының серуендейтін сүйікті аймағы болады. Игі бастама көтеріп, қаржылай демеушілік көрсеткен 10 жылдық түлектерге ауыл тұрғындары дән риза.

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале