Бүгін Казталов ауданына қарасты Жаңажол ауылдық округінің орталығы мен Көмекші елді мекенінде әр жылдары мектеп бітірген түлектер мен ауыл халқы саябақты абаттандырып, субұрқақ пен тынымбақ тарту етті.
Жаңажол ауылында Карл Маркс атындағы орта мектепті 1973 жылы бітірген мектеп түлектері округ орталығындағы «Ысқақ ата саябағына» өрнек тастар төсеп, тынығуға арналған орындықтар мен жарық шамдар орнатып, теректер отырғызса, 2003 жылы мектеп бітірген түлектер субұрқақ тарту етті. Туған жерден түлеп ұшқан перзенттердің игі бастамасына Жаңажол ауылдық округінің әкімі Арман Алдабергенов, «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының төрағасы Сәкен Ищанов қатысып, түлектерге ризашылықтарын білдіріп, аудан әкімінің алғысхатын табыстады.
Аталған округке қарасты Көмекші елді мекенініңтұрғындары мен әр жылдардағы мектеп түлектері туған жерге тынымбақ сыйлады. Құны 2 млн 800 мың теңгені құрайтын тынымбақта 1983 жылғы мектеп түлектерінің «Домбыра» монументі, 2007 жылғы түлектердің орындықтары, 2008 жылы мектеп түлектерінің жүрек пішіндес ескерткіші менмұндалап тұр.
Сонымен қатар, «Шаңырақ» деп атау берген тынымбаққа өрнек тастар төселіп, сахна, балалар әткеншегі орнатылған.
Ауылдың ажарын келтірген тынымбақта тал теректер де отырғызылған.
Асылбек Нәсіпқали
Казталов ауданы