15.04.2025, 16:45
Оқылды: 281

Түлектер сыйы рухани қазына болды

Сыйлықтың ең жақсысы – кітап болса, дәстүрдің жақсысы – кітап сыйлау. Дегенмен, осыны біле тұра бір-бірімізге кітапты сирек сыйлайтындығымыз жалған емес. Тарих беттерін парақтап, байқап қарар болсаңыз, бірнеше жыл бұрын кітаптар кез келген мерекеге арналған дәстүрлі, бағалы сыйлық болған. Құндылығы жоғары, мәдениетті қадамдарының  басы да осы кітап сыйлау болып табылады.

image-15-04-25-03-19-8

Бүгін аудандық мәдениет үйінің фойесінде игі шараның куәсі болып қайттық. Кішкентай ауылдан бастау алған бала сезім, тұтас туған отанды сүюге жетелеп, жырақта жүрсе де кіндік қаны тамған жерге деген махаббаты үлкеймесе, кішіреймеген №1 мектеп-лицейінен 2000 жылы түлеп ұшқан, яғни биыл аталмыш білім ордасын тәмамдағандарына 25 жыл толып отырған түлектер мәрттік танытты. Жоғарыда атап өткендей мәдениетті қадам жасай отырып, ауданымыздағы оқу-ағарту және мәдениет саласының өркендей түсуі үшін өз үлестерін қосып орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне 300 дана кітап сыйлап, аудан бойынша кітапхана қорын 226 607 данаға жеткізді.  Әр салада қызмет атқарып жүрген түлектердің атынан Италияның Флоренция қаласындағы жерлесіміз, «Нұрсай Энерджи» компаниясының басшысы Нұржан Жақсылықов бейнесәлемдеме жолдапты. Өз сөзінде мектеп түлегі елге дұғай сәлем жолдап, сыйлықтарын жерлестері жылы ықыласпен қабылдаса деп ниет білдірді.

image-15-04-25-03-19

Әрмен қарай, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаев пен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Светлана Джукина сөз алып, кітаптың бағасы ешқашан төмендемейтін сарқылмас қазына болып табылатындығын, адамның рухани баюына бірден-бір сеп болатын құрал санының көбейгендігіне қуанышты екендігін жеткізді. Олар ендігіде тек оқырмандар саны көбейіп, келешек ұрпақтың ізденімпаздығы арта түседі деген сенімде.

image-15-04-25-03-19-7

Игі шарадан қапы қалғысы жоқ аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов те құттықтау сөзін сөйлеп, әр кітап шаң басып қалмай, өз оқырманын тапса екен деген тілегін білдірді. Шара соңында Жаннұр Бекбауұлы 300 кітаптың ішінен Ілияс Есенберлиннің кесек туындысы, тарихымыздың негізін сонау әріден баяндайтын елеулі шығармасы «Алтын Орда» трилогиясына аса қызығушылық танытып, бірден 3 бөлімін оқуға ала кетті. От ауызды, орақ тілді демесек те тіл мамандарынан кем сөйлеп қоймайтын аудан басшысының орынбасары 880 беттен тұратын тарихи романды оқу үшін дәл бүгін аудандық кітапхананың оқырмандар қатарына қосылды. Шара соңында жаңа кітаптарға қызығушылық танытқандар, кітап қорының нендей кітаптармен толыққандығына көз жүгіртті.

Арай Сейфолла,

Жәнібек ауданы

image-15-04-25-03-19-5 image-15-04-25-03-19-6 image-15-04-25-03-19-3 image-15-04-25-03-19-4 image-15-04-25-03-19-2 image-15-04-25-03-19-1

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале