Кеше ғана Білім күнін атап өтіп, бір саты жоғары сыныпқа көшкен оқушылар міне, оқу жылын аяқтауда. Өткен тоғыз ай мұғалімдер үшін де тынымсыз ізденіс кезеңі болғаны анық.
- Биылғы оқу жылы жемісті болды десем, артық айтқаным емес. Жыл басында Бәйтерек ауданында жаңадан 4 білім ұясы қолданысқа берілді. Олар: Өркен, Жайық, Пригород, Подхоз ауылдарындағы мектептер. Жаңа білім ұялары ондағы оқушы санын артырып, білім сапасына да оң әсерін берді. Мәселен, бұрын Жайық пен Пригород мектептері бастауыш болып келсе, ІІІ тоқсаннан бастап орта мектеп мәртебесін алды. Соның нәтижесінде Жайық мектебіндегі шәкірт саны бірден үш есеге артты. Яғни ІІ тоқсанда мұнда 31 оқушы болса, ІІІ тоқсанда шәкірт саны 93-ке жетті. Пригород мектебіндегі оқушылар 49-дан 88-ге көбейді. Есесіне орталықтан қашықта, шекарада орналасқан ауыл мектептердегі оқушылар азаюда. Осынау мәселеге орай көп балалы отбасыларды сол жаққа қоныстандыру, оларға үй-жай алып беріп, басқа да әлеуметтік жағдайлар туғызу бағытында жұмыстар жүруде. Бұл іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Мектептің, ауданымыздың атынан түрлі білім, спорт, өнер бағыттарында сынға түсіп, намысты қолдан бермеген, сенімді ақтаған оқушыларымызға да ризашылығымды білдіремін,- дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Баянова.
Биыл аудан бойынша 467 түлек үлкен өмірге жолдама алмақшы. Олардың 24-і «Алтын белгіге» үміткер. Ал ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға 367 оқушы өтінім тапсырған екен. Түлектердің басым көпшілігі жаратылыстану математика бағытын таңдапты. Ендеше біз де өз тарапымыздан жас түлектерге сәт-сапар тілейміз!
Салтанат Зұлқарнаева,
Бәйтерек ауданы