20-мамыр күні «Руxани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында Казталов ауданы, Көктерек ауылының орталық саябағының ішінде заманауи үлгіде жабдықталған сәнді жаңа жазғы сахна ашылды.
Салтанатты шараға елімізге танымал Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі, «Парасат» орденінің иегері Нұрлыгүл Жұбатова, «Қазпошта» АҚ байланыс торабының басшысы Айжан Айтқалиева, Казталов ауылдық округінің әкімі Бақытжан Есенғалиев, аудандық мәслихат депутаты Асыл Кенжеғалиева, мектеп түлектері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Сахнаны ауылға тарту ретінде Көктерек ОЖББМ-нің 1992 жылы бітірген түлектері демеушілік танытып, 1 200 000 теңге қаражатқа салып берді. Ашылу салтанатында сөз алған аудандық «Қазпошта» АҚ байланыс торабының басшысы Айжан Айтқалиева жаңадан салынған сәнді заманауи сахна алаңы ауыл тұрғындары мен ауыл қонақтары үшін мерекелік шаралар оздырылып тұратын мәдени орынға айналатынын баса айтып, осы іске бастамашы болған 30 жылдық түлектерге алғысын жеткізіп, аудан әкімі Рүстем Зұлқашевтің алғыс хатын табыстады. Ауыл тұрғындары үшін бұл күн көптің есінде қалатын айшықты мереке болып қалмақ. Осындай керемет туындыны халық игілігіне беріп жатырған 30 жылдық түлектерге ауыл тұрғындары дән риза.
Сахнаның ашылу салтанатынан соң Нұрлыгүл Өтемісқызы мен шара қонақтары ауылдағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, округтің тыныс-тіршілігімен танысты.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы,
zhaikpress.kz