Ақыл, қайрат, білімді зерделеріне тоқып, он бір жыл бойы білім нәрімен сусындап, тағы да бір жас толқын үлкен өмірге қанат қақты.
Биыл Қаратөбе ауданы бойынша 11 орта мектептен 130 жас түлек мектепті тәмамдап отыр. Олардың ішінен екі түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 17-сі «Үздік аттестатты» иемденді.
Қ.Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясын бітіруші түлектерге арнап «Түлек – 2023 – Жаңа Қазақстан ертеңі» атты жас түлектерге орта білім бітіргендігі туралы аттестат табыстау кеші өтті. 2022-2023 оқу жылын Қ.Жұмалиев атындағы мектеп-гимназиясын 33 шәкірт табысты аяқтады. Оның ішінде Гүлназым Ғабдуллаева «Алтын белгі» иегері атанса, он түлек «Үздік аттестатқа» қол жеткізді.
Салтанатты кеште сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан:
- Мектеп бітіруші түлектер, сіздер алтын ұя мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам жасағалы тұрсыздар. «Болашақ – білімдінің қолында» демекші алдағы уақытта білімдеріңізді шыңдап, қалаған маман иесі болыңыздар. Ұстаздарыңыз бен ата-ана сенімін ақтаңыздар!,- деді.
Одан соң аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев, мектеп директоры Мираш Өтеғалиевалар сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдіріп, ақ жол тілеп он бір жыл оқыған білім ордасын бітіргелі тұрған түлектерге аттестаттарын табыстады.
Кеш барысында жас түлектердің ата-аналары атынан Қайрат Сәрсенғалиев мектеп бітірушілерді мерейлі қуаныштарымен құттықтап, сəтті қадам тіледі. Мектеп қабырғасында жүріп білім сайыстары мен спорттық жарыстарында толағай жетістікке жеткен түлектердің ата-аналары да алғыс хаттармен марапатталды.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz