Еңбек және тыл ардагері, Бөрлі ауданының құрметті азаматы Сапар Нынкеевке арнап тұрғын үйдің қабырғасына мемориалдық ескерткіш тақта орнатылды.
- Құрметті қонақтар осы тақтаның ашылуымен аудан әкімі Еркебұлан Нұретдинұлының және әріптестердің атынан құттықтаймын. «Өмірде жақсы ат қалдыру - ұлы мұрат» деп бекер айтпаса керек. Әрбір тұлғаның артында ел мен жерге деген қызметінің жемісі, өсіп-өркендеуі тұрады. Осындай ағаларымыздың арқасында еліміз өркендеп, ауданымыз дамып, Ақсай қаласында соның ішінде банк саласында үлкен жұмыстар атқарылды. Осы жерде өзінің саналы ғұмырын өткізіп, еңбек етті. Еліміздің ұлттық валютасы күні мерекесі қарсаңында бұл тақтаның ашылуы үлкен саяси жағдай. Әрқашанда елге қызмет ететін ұрпағымыз осындай аға буынның атқарған қызметін ұмытпай жалғастыратын жастарымыз көп болсын. Осы тақтаны көрген әрбір азамат ауданымызда елге қызмет еткен жандарды құрметтейтінін, осындай ағаларымыздың болғанын біліп жүрсе екен дейміз. Мемориалдық тақтаның ашылуы құтты болсын!, - деп, Асланбек Сарқұлов шараны ашып берді.
Нынкеев Сапар Нынқаұлы 1929 жылы Тайпақ ауданында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын Ұжымшар ауылында есепші болып бастап, 45 жыл банк жүйесінде әртүрлі қызметтер атқарған. Соның ішінде 41 жыл еңбек өтілін мемлекеттік банктің Ақсайдағы бөлімшесін басқаруға арнаған. Бірнеше рет қалалық Кеңестің депутаты, аудандық партия комитетінің ревизиялық комиссия төрағасы, мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің Орал облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланған. КСРО Агроөнеркәсіптік банк бөлімшесінің басқарушысы қызметін атқарған. Банк саласындағы өлшеусіз еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «КСРО Мемлекеттік банкінің үздігі» мерекелік медалімен марапатталған. Соңғы жылдары Бөрлі ауданы Ақсай қаласының 4-ші ықшам ауданы 40-шы үйде тұрған. 2020 жылдың бірінші сәуір күні өмірден озған.
Ескерткіш тақтаны ашу құрметі Садық Мырзағалиев, Дәметкен Рахымғалиева және Нұрлан Нигматуллинге берілді. Шара барысында жұмыстастары, тума-туыстары, оқушысы сөз сөйледі. Жұмыс барысында, өмірде қандай жан болғаны туралы айтып, естелік әңгімелер айтты.
- Әкем 1950 жылы Ақсайға Тайпақ ауданынан көшіп келді. Содан бері осы қалада тұрды. 2020 жылы 91 жасында өмірден озды. 1948 жылы өзінің банк саласындағы жұмысын бастап, өмір бойы еңбек етті. 1978 жылы қаламыздағы мемлекеттік банк бөлімшесінің басшысы болып тағайындалып, зейнет жасына дейін сол қызметте болды. Отбасымызда 4 бала болдық. Екі ағам да өмірден ерте өтті. Анам 1991 жылы қайтып, содан жалғыз өзі тұрды. Осы ескерткіш тақтаны ашу үшін көмектескен жандарға алғыс айтамын. Аудан әкімдігіне және мәдениет бөліміне көмектесіп, осындай шара ұйымдастырып қолдап жатырғандарына көп рахмет, - деп Сапар Нынқаұлының қызы Гүлсім Жанболатова сөз сөйлеп, алғысын білдірді.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz