5.12.2022, 10:45
Оқылды: 86

Түн торуылдаған жыртқыш ауыл тұрғындарын әбігерге салуда

Жақында Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылында белгісіз хайуанның қорада тұрған қойларға шауып, тамақтап кеткені туралы естіген едік. Біз осы оқиғаның мән-жайын білмек болып, аталмыш ауылға бардық.  

IMG-20221205-WA0011(1)

Әлгі жыртқыш қарашаның 14-і күні қорадағы қой-ешкілерге «шабуыл» жасаған. Одан кейін де ауылға екі-үш рет «келіп», 9 тұрғынның қорасындағы ақадал 33 ұсақ малын өлтірген. Ел-жұртты әбігерге салған жыртқыш  ауылға сағат түнгі бірлерде және таң алагеуім шақта келеді екен. Десе де, ауыл тұрғындары малға шапқан ит пе, әлде түз тағысы ма, нақты білмеген. Ауылдық округ әкімі Болат Қадырәлиевтің айтуынша, ақжайықтықтар әп дегеннен-ақ мұны бұралқы иттерден келген «пәле» деп ойлаған. Сондықтан иесіз жүрген, ешқандай қарғы бауы жоқ, тіркеуге алынбаған иттерді жоя бастаған. Ол үшін ҚР заңнамасында тыйым салынбаған қимылсыздандыруға арналған препараттарды қолданған. Бірақ бұдан да нәтиже болмапты. Содан кейін аудан әкімдігіне, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне,  ветеринар мамандарға хат жолдап, мәселе көтерген.  Құзырлы мекеме бұралқы иттерді аулайтын мамандарды жіберген.

– Заң бойынша қасқырды арнайы рұқсаты бар аңшы ғана ата алады. Сол себепті ауылға аңшылар да келді. Түнгі мезгілде тепловизормен ауылдың шығыс, солтүстік-шығыс және батыс бөлігін бақыладық. Сол кезде Жайық жағалауы жағынан екі «жаманауыздың» шыққаны көрінді. Бірақ олар қолға түспеді. Жалпы түз тағысының өте ақылды екенін оқып-естіп жүрміз. Қарап отырсақ, қоралардағы ойран қасқырдың іс-әрекетіне келеді. Осылайша, ауылды дүрліктірген «жаманауыз» деп топшыладық. Тұрғындар қораға түскен қасқыр жөнінде түрлі болжам айтады. Біреулер ауылдың үстімен өтіп бара жатқан түз тағылары шығар дейді. Бәзбіреулер оларды «ренжіткен» соң, өш алуға келген шығар деп топшылайды. Біздің алғашында бұралқы иттерден күдіктенгеніміз де тегін емес. Себебі қаңғыбас ит мәселесі бүкіл Қазақстан бойынша өте өзекті десем, қателеспеймін. Бұл жөнінде баспасөз құралдары да айтып, жазудан кенде емес. Күні кеше ауылдағы қараусыз жүрген иттерді аулай бастағанда, наразылық білдірген тұрғындар да болды. Ешкім өзінің итін жаманатқа қиғысы келмейді. Сондықтан «Итіңізге жаныңыз ашыса, байлап ұстаңыз, әлде болмаса, тұмылдырық кигізіп қойыңыз» деп айтудайын айтып келеміз. Себебі олардың көшедегі баланы, тіпті үлкендерді қаппайтынына, малға шаппайтынына ешкім кепілдік бермейді. Ит иттігін жасайды. Қазіргі басты мәселе – қаңғыбас иттердің көзін жоюға заң жүзінде рұқсат беруі керек деп есептеймін, – деді округ әкімі.

Осы оқиғалардан кейін ауыл азаматтары, әкімдік пен полиция бөлімі, «Теректі мал жәрдемі» ШЖҚ МКК қызметкерлері бірлесіп, түнгі мезгілде кезекшілік ұйымдастыра бастаған. Көше шамдары жарық түскенше жанып тұрады. Ауылдың шетінде атылған оқ-дәрінің иісінен үрікті ме екен, жыртқыш қазір тынышталыпты. Болат Александрұлының сөзінше, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары тұрғындардың малының шығыны өтелмейтінін айтқан. Себебі мал даладан емес, қорада тұрып «жем» болып отыр. Ал заң бойынша әркім қора-қопсысындағы малға өзі жауап беруі керек. Бірақ, қалай десек те,  ала жаздай баққан малдың ит-құсқа жем болғаны, әрине, өкінішті. Бүгінде Ақжайық ауылдық округіндегі 4187 тұрғынның 2817-сі Ақжайық ауылында тұрады. Мұнда 738 аула бар.

Ауылда ұсақ малынан айырылған жанның бірі – Қайнолла Ниязқұлов. Қария таңғы сағат 4-терде далаға шығыпты. Ешкінің дауысын, иттің үргенін естіп, қора жаққа барады. «Қораға жақындағанда «ырр» еткен дыбыс шықты. Мен кейін шегіндім. Қандай жыртқыш екенін де көрмедім. Қолымда шам да жоқ еді. Қораға кірсем, екі ешкі мен екі қой жайрап жатыр. 11-ін талап тастапты. Мұны істеген ит пе, қасқыр ма, білмеймін. Егер қасқырлар  ұяласын атып алғанын білсе, кегін қайтарады деуші еді. Мұндай жағдайды бірінші рет көріп тұрмын. Бұл мақұлықтың ит әлде қасқыр екенін табу керек боп тұр. Малдың жарасы жеңіл, адамдар аман болсын», – деді қария.

Ақжайық ауылдық округінің ветеринарлық учаскесінің меңгерушісі Төремұрат Ермековтың басқа қойларынан бөлек тұрған екі қойын өлтіріп кеткен. «Біздің үй қабақ басында орналасқан. Сырт жағымыз тоғай. Осы оқиғаның алдында ғана көршім қасқырдың ұлығанын естігендей болдым деп еді. Қорадағы малға шапқандардың ит немесе қасқыр екенін бірден айыра алмадық. Қазір тұрғындарға «Малды жабық қораға қамап, мұқият қадағалаңдар» деп айтып жатырмыз. Бірақ биік, жабық аулаға қамамай отырғандар әлі бар. Осы ретте елде иттерді атуға тыйым салғаннан кейін, олардың  қарасы көбейіп кеткенін айтқан жөн. Ауыл тұрғындарының бәрі бірдей төрт аяқты достарын тіркете бермейді. Кейбір үйде екі-үш иттен бар. Біз тұрғындарға бос жүрген иттердің қаңғыбас ит ретінде көзі жойылатынын айтып жүрміз. Итті байлап ұстап, көшеге жібермеу керек екенін үнемі ескертеміз», – деді ветеринар маман.

Бұл оқиға бойынша облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына хабарластық. Инспекцияның бас маманы Арман Ізімғалиевтің мәліметінше, қарашаның 26-сында инспекцияға осы ауылдан қасқырлардың малға шабуыл жасағаны жөнінде ақпарат түскен. Ақжайықтықтар 10 күн ішінде қасқырлардың 30-дан астам қойды қырғанын айтыпты. «Оқиға орнына инспекция қызметкерлері және олармен бірге қасқырларды аулауға рұқсаты бар аңшылар тобы барды. Сонымен қатар бұл ісшараға аудандық полиция бөлімі мен Ақжайық орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері де жұмылдырылды»,  – деді бас маман. Әзірше қасқырлар қолға түспеген. Сол ауылдың бір тұрғынына түз тағысын атуға рұқсат қағазы беріліпті. Ал облыстық ветеринария басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қой-ешкіге өшіккен жыртқышты анық көріп, сипаттау мүмкін болмаған. Жемтік болған ұсақ малдың өлекселерін мал молаларына апарған. Ауыл тұрғындарына малды жабық қораға қамау жөнінде ескертілген. «Жыл басынан бері Теректі ауданында 485 бұралқы ит пен мысық ауланды. Олардың 423-і биозарарсыздандырылып, 62-сі жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде жансыздандырылды. Биыл осы ауданда бұралқы иттерді аулау және биозарарсыздандыру үшін облыстық бюджеттен бөлінген 5 млн 497 мың теңге қаражат толығымен игерілді» делінген мәліметте.

Әдетте қазақтар бір-бірімен жолыққанда, «Мал-жан аман ба?» деп хал сұрасады. Ақжайықтықтар болса, малының амандығына алаңдап отыр. Әрине, тұрғындар өздерінің де қауіпсіздігін ұмытпағандары жөн.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале