Казталов ауданында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыс бір қалыпты атқарылып келеді. Соның ішінде аудан тұрғындарын тұрғын үймен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінен алынған мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 567 адам есепке алынған.
Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы 20 тұрғын үй сатып алуға 192 миллион теңге қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта осы 20 тұрғын үйге мемлекеттік сатып алу арқылы конкурс беріліп отыр.
Сондай-ақ жеке инвесторлар арқылы Казталов ауылында алты екі пәтерлі және Талдықұдық ауылында бір екі пәтерлі үй салынып жатыр. Жылдың аяғына дейін аталған тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек.
Биыл тоғыз айда аудан тұрғындары тарапынан 32 үй немесе 4 111 шаршы метр жеке тұрғын үй салынған.
Нұр Рахман,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz