1.09.2020, 16:41
Оқылды: 701

Тұрғын үй кезегіне үйіңізде отырып тіркелуге болады

«Туған үйдің түтіні жылы, туған ананың күтімі жылы» демей ме дана халқымыз. Сол айтқандай, әрбір адамның есейген кезде ойлайтыны баспана мәселесі. Біреулері қарызданып-қауғаланып бар қаражатына үй салып алса, енді біреулері тұрғын үй кезегіне тіркеліп, ол кезектің келгенін тағатсыздана күтетіні анық. Аты аталып тұрғандай, қазіргі таңда тұрғын үй кезегіне тіркелу мәселесіне қатысты сұрақтар кейде қарша борайды. Оның үстіне веб-портал арқылы тізімге енудің жөні тағы бар. Осы жөнінде тиісті мамандармен жолығып, олардан халыққа ашық түрде түсіндіріп беруін сұраған едік.

үй кезегі

– Қазіргі кезде тұрғын үй кезегінде 260-тан астам адам тұр. Ол тізімнің өзі бірнеше санатқа бөлінеді. Көпбалалы отбасы, ҰОС ардагерлері, бюджет қызметкерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандар деген сияқты санаттар бойынша тізімге алынады. Бұрында тұрғын үй кезегіне тұру үшін бізге келіп тіркелетін болса, қазіргі таңда әрбір тасқалалық тұрғын өз үйінде отырып-ақ компьютердің көмегімен (электронды цифрлық қолтаңба арқылы) кезекке тұра береді. Ол үшін www.egov.kz веб порталы арқылы өз мақсатын жүзеге асыруға болады. Кезекпен үй беру мәселесін қараған кезде барлығы да аудан әкімдігі жанындағы тұрғын үйге қатысты құрылған комиссия мүшелерімен анықталады. Өтініш беруші кезекке тіркелген күннен бастап, отыз күн ішінде құжаттары автоматты түрде тексерістен өтеді. Яғни онда өтініш берушінің атында үйі бар ма, жоқ па немесе бұрын болған ба, осы сияқты мәселелер қаралады. Кезекке тіркелген адамның атында (мүмкін, ол үйін сатып жіберген шығар) тұрғын үй-жайы болмауы керек. Сондай олқылықтар кетпеуі үшін өткізілген құжаттар тексеріс кезінде әбден қаралады. Егер бәрі ойдағыдай болса, кезекке тұрған адамның ұялы телефон нөміріне «мемлекеттік тұрғын үй қорынан» тұрғын үй алу есебіне тіркелгені туралы хабарлама келеді. Тұрғын үй кезегіне тіркелген адамдардың тізіміне жыл сайын түгелдеу жұмыстары жүргізіледі. Ол не үшін?

Сол жылдардың ішінде тұрғын үйдің кезегінде тұрған адам, үй сатып алған болса немесе басқа жаққа көшіп кеткен болса, тағы сол сияқты жағдайларда олар автоматты түрде кезектен шығарылады. Шығарылған адамнан кейінгі тұрған азаматтың реттік саны бір сатыға көтеріледі. Сосын бұл жерде тағы бір айта кететін нәрсе, бір адам тек бір санат бойынша тұрғын үй кезегіне тұра алады. Яғни, көпбалалы отбасына жататын азаматшаның жолдасы қайтыс болып немесе басқа да жағдайлар болатын болса, онда ол азаматша көпбалалы отбасы санатына немесе толық емес отбасы санатына тіркеле алады. Тек біреуіне ғана. Оны өтініш беруші өзі таңдайды.

Әуелі апатты үй деп танылсын

Егер кезекке тұрғысы келген адамның атында үйі болып, ол үй апатты жағдайда деп танылмаса, тұрғын үй кезегіне тұра алмайды. Тұрғындар соны түсінуі қажет. «Менің үйім жарамсыз, ескі үй, неге маған үй берілмейді?» – деген сұрақ тұрғындардың көкейінде жүргені рас. Ондай жағдайда арнайы құзырлы мекемелердің мамандары келіп, тұрып жатқан ескі үйді апатты жағдайда деп тануы керек. Оны растайтын сараптамалық құжат жасалады. Осы сараптамалық құжаттарға сәйкес, азамат тұрғын үй кезегіне тұра алады.

Бұрынғыдай кезекте тұрмайсыз

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне ауыл тұрғындары кезегін білуге келеді. Қазір интернет дамыған заман дегенімізбен, адамдар әлі күнге www. egov.kz веб-порталына кіріп, өздерінің кезегін қарауға қауқарсыз. Әсіресе, үлкен кісілер. Кейде сол порталдағы тізімге сенімсіздік білдіріп, мекемеге арнайы келіп кететіндер де бар. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегіне тұруда еш қиындық жоқ. Бұрынғыдай бір сөмке құжат жинамайды. Таңнан кешке дейін сарылып кезекте тұрмайды. Бәрін де үйден отырып жасауға болады. Ауданда үй салына бастаған кезде тұрғын үй кезегіне тіркелушілердің саны да артатыны байқалады. Араға біраз жыл салып, былтыр ғана үш қабатты 36 пәтерлі екі үй берілді. Яғни, тұрғын үй кезегінде тұрған адамдардың саны жылжыды. Заңдағы өзгерістерге сәйкес соңғы салынған үйлер тұрғын үй пайдалануға берілген адамдардың жеке меншігіне берілмейді. Яғни, тұрғын үйді өз атына аудара алмайды, — дейді аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрбол Белгин.

Тұрғын үй кезегіне тұру үшін кезекке тұратын халық, енді порталдың көмегімен кез келген уақытта кіріп, өз-өзін кезекке қоя алады және кезекте тұрған болса, өз кезегін тексере алады. Менің кезегім қашан келмек деп қазіргі уақытты ертегіге ұқсатып жүргендер де бар. Осы орайда тұрғын үй кезегіне осыдан бірнеше жыл бұрын тіркеліп, қазіргі таңда пәтерге қол жеткізген Нұржан Сүлейменовпен әңгімелескен едік.

– Тұрғын үй кезегіне 2012 жылы тіркелдім. Өзім Ақтау ауылының тумасымын. 2010 жылдары Атырау қаласында вахталық жұмыста болдым. Сол жақта жұмыс жасап жүргенде құлап, зақым алған едім. Бір жылдай сол жақта емделіп, кейін ауылға келдім. Бірінші топ мүгедегімін. Тұрғын үй кезегіне тіркелген тізімді әрдайым қарап қоятынмын. Содан өткен жылы осы үйге кірдік. Қазір қуаныштымын. Ауданда үй салынып жатса, кезектегі адамдар қол жеткізеді ғой. Қазіргі тұрып жатқан пәтерім бірінші қабаттан болғасын, кіріп-шығуға да ыңғайлы, – дейді Жеңіс көшесінің тұрғыны Нұржан Сүлейменов. Ауыл тұрғынының сөзін көршісі де қолдай кетті.

– Ауған соғысы ардагері ретінде тұрғын үй кезегіне 2009 жылы тіркелген едім. Содан бері жолдасым екеуміз кезегіміздің келгенін тағатсыздана күттік. 2017 жылы жолдасым ауырып қалып, қалаға емделуге бардық. Қасында болып, қамқоршы болдым. Содан былтыр үй салынып, қуанышқа кенелдік. Өзім Бөкей ордасы ауданының тумасы болсам да, Атамекен ауылына сонау 1995 жылдары келіп қоныстандым. Сол ауылда еңбек етіп, қазір аудан орталығында тұрып жатырмыз. Кезегіміз келіп, үй алғанымызға алғысымды айтамын, — дейді ауыл тұрғыны Қазбек Жұмабаев.

Аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрбол Жақыпұлының түсіндіргенін жоғарыда айтып өттік. Бұл бойынша аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Назым Ерболатқызы да өз ойын ортаға салды.

– Қазіргі уақытта құжат тапсыру немесе белгілі бір жерге кезекке тұру мәселесі біраз жеңілдетілді. Тіпті, кейбір мәселелер бір ғана жеке куәлікпен де іске асады. Енді тұрғын үй мәселесіне келер болсақ, біздің мекемеге келіп көмек сұрағандарға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Тасқала ауданы бойынша тұрғын үй кезегіне тіркелгісі келетіндер үшін оларды қағаз түрінде қабылдаймыз. Оған да тек жеке куәлігімен келуге болады. Карантин кезінде бұл мәселе жөнінде адамдар келген жоқ. Екі-үш адам келіп, қалаға тұрғын үй кезегіне тұруға көмек сұраған болатын. Біз оларға көмегімізді ұсындық, – дейді Тасқала ауданының халыққа қызмет көрсету бойынша бөлім басшысы Назым Құрмышева.

Түйін

Үй алу үшін кезекке тұрғандардың ішінен кімдерге тұрғын үй тиесілі екенін бір адам шешеді екен деген түсініктен арылатын кез баяғыда келді. Мамандарды сөйлетіп, оймақтай ой айтып, тұрғындарға тұшымды түсінік бергіміз келгенін байқап отырған шығарсыздар. Мақаламызды басынан бастап оқып шыққан оқырман түсінікті ақпарат алды деп санаймыз.

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

   zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале