20.06.2024, 9:45
Оқылды: 77

Тұрғындар скринингтік тексеру туралы қандай ойда?

«Денсаулық – зор байлық» деген халық даналығының мәні бүгінде зор болып тұр. Байлықты материалдық баршылықпен ғана өлшейтін заманның өткендігін, нағыз байлықтың жаның мен тәніңнің амандығы екенін, бүгінгі таңдағы оба дертінің жас пен жынысты талғамайтындығынан аңғарасың да, бір тәубеңе түсіп аласың.

сырым больница (1)

Сурет сайт архивінен

Өйткені саулығың жоқ жерде байлықтың да, жетістіктің де бар мәні жоғалады емес пе?! Дүние жинап, бала-шаға деп өзімізді шетке ысыра береміз. Соңында ауру дендеп, жанға батқанда ғана дауа сұрап, ақ халатты абзал жандарымызды іздеп келетініміз тағы жасырын емес.

Жыл сайын кестеге сай кәсіби және скринингтік тексеруден өту үшін қалалық, аудандық емханалар тұрғындарды шақыратынын білеміз. Дегенмен қоңырау шалынып, тексерілу уақытын айтып, жеткізіп отырғанның өзінде тескеріске келетіндерден оны елемейтіндердің қарасы көп.

Бұл жерде адамның денсаулығы үшін медицина қызметкерлері жауапты ма деген сұрақ туындайды?

Жалпы халықтың ойында скринингтік тексеру қалай қалыптасқан? Білейік.  

Ақ халаттылардың айтуынша, халық бұл тексеруді аса қажет деп есептей бермейді. Жылына бір-ақ рет өтетін тексеріске шақырудан шаршаған дәрігерлердің ендігі жерде жанға батырып айтудан басқа амалдары қалмаған сияқты. Бұған мысал өте көп. Алысты-жақынды ауыл-аймақтардан әлеуметтік желі арқылы тарап жатқан ақша жинау қорларының реквизиттері жазылған парақшалар легі толастар емес. Аурудың қайдан келетінін кім болжап білген, дегенмен жыл сайынғы тексерістен өтудің маңыздылығын түсінгендердің қарасы көбейсе, бұндай хабарламаларды да аз еститін болар ма едік?

Халықтың скринингке деген көзқарасын, өз денсаулықтарына деген жауапкершіліктерінің қаншалықты екендігін білу мақсатында ауыл тұрғындарына шағын сауалнама жүргізген болатынбыз.

Әріге бармай, редакцияның ақсақалы, зейнеткер Асқар Құсайынов бұл туралы не дейді?

– Скрининг жылда өткізілетін тексеріс екендігін білеміз. Алайда әртүрлі себептерге байланысты уақтылы дәрігер алдына бара алмай жатамыз. Шыны керек, бәріміз көбіне ауру жанға батқан кезде ғана барамыз. Жас ұлғайған сайын бойыңнан түрлі ауырсынуларды байқайсың. Екі жыл турасында скринингтік тексеруден өткеннің арқасында қан қысымымның қалыпты жағдайдан сәл жоғары екендігін білдім. Дәрігердің берген ем-шараларын уақтылы қабылдағаннан кейін қазіргі таңда денсаулық көп мазаламайтын  болды,- деді Асқар Орынғалиұлы.

Жәнібек ауылының тұрғыны Сәуле Жақсағұлова:

«Жалпы жыл сайынғы скринингтік тексеріске шақырғанда міндетті түрде баруға тырысамын. Жас ұлғайған сайын бұл тексерістің қаншалықты маңызды екендігін ұғына түскендеймін. Менің ойымша, скринингті өте дұрыс ойлап  шығарған. Әйтпесе, еш белгісі білінбейтін ауруларды білмей қалар едік. Әр барған сайын дәрігерлерге алғысымды айтудан шаршамаймын. Өзімнің қатарластарымның да баратынын білемін. Дегенмен күнделікті шаруамен шауып жүріп, ауруын асқындырып жатқандар да жоқ емес. Шын мәнінде денсаулық өзімізге керек қой.

Бала-шағамыздың жанынан әркез табылғымыз келсе өзімізді күткеніміз абзал. Балаларыма да әрдайым бұның маңыздылығын айтып жүремін. Олар міндетті түрде барады. Немерелерімнің де санасына денсаулық ең басты байлық екенін сіңдіріп отырамын. Тағы бір айта кететін жайт, скрининг жайлы ақпараттарды көбейтіп, әлеуметтік желілерге жиі таратып тұрса, тексерістен өтпеудің салдары немен аяқталатындығы жайлы көбірек материалдар жарияланса, халық санасына тез жетеді деп ойлаймын.

Скринингтік тексеруден өтудің маңызын өте жақсы түсінген және басынан өткен жағдаймен бөліскен Жәнібек ауылының тұрғыны Гүлзар Есенғалиеваны сөзге тарттық. Оның айтуынша, 25 жасынан бастап араға жыл салып, тексерілу үшін дәрігерлерден шақырту алып келеді.

– Өз басым жыл сайынғы тексерістен уақтылы өтіп жүргенім үшін қатты қуанамын. Себебі денсаулығыма жауапты қарауымның арқасында бір дерттің алдын алдым. 2016 жылы скринингтік тексерістен өткеннен кейін кеудемде неоплазма (ісік) анықталды. Биопсиясын жасап, ісіктің қатерсіз екені анықталып, ота жасалды. Ісікті жергілікті анестезия жасау арқылы алып тастады. Аллаға шүкір, қазір жағдайым жақсы. Жылына бір рет тексеріліп, дәрігерлердің берген ем-домдарын алып отырамын. Қазіргі таңда әйел заты баланы емшектен шығарғаннан кейінгі күтімді біле бермейді. Кеудеге суық тигізіп алмай, жылына бер рет болса да дәрігердің тексеруінен өтіп тұру керек екенін түсіне де мән де бермейді.

Жалпы скринингтік тексерістен әйелдер ғана өтеді деген ұғым жоқ. Бұл ерлер мен әйелдерге ортақ тексеріс. Тағы бір мысал. Таныс, жақсы араласып жүрген жан бойында қатерлі ісік барын өте кеш білді. Ісіктің екінші кезеңін де ғана ауру біліне бастады. Емделді, химиотерапиясын қабылдады. Болмады. Ауру жеңді. Ақыр соңында көз жұмып, артыда қаршадай екі бүлдіршін жетім қалды. Скринингтік тексерістен өту керек екенінің тағы бір дәлелі. Айналамызда болып жатқан бұндай жағдайларды көріп ой түйіп, сабақ алуымыз керек. Онколог дәрігердің атын ести сала ат тонымызды ала қашпай, өзіміздің денсаулығымыз үшін жауапкершілікпен қарайық. Балаларымызға дені сау ата-ана қажеттігін ұмытпайық, - деді ол.

Тұрғындардың скрининг жайлы пікірін білген соң аталған тақырыпты кеңінен тарқату мақсатында аудандық аурухананың учаскелік дәрігері Анар Бердіғалиеваға бірнеше сауал жолдаған болатынбыз. Ол:

– Алдымен аудан тұрғындарына скрининг жайлы жүргізілетін түсіндірме жұмыстарынан бастағым келіп отыр. Ауруханаға келген ем алушылардан алдымен скринингтік тексерістен өткені я өтпегендігі туралы сұрап аламыз. Өздеріңіз білетіндей, бізде «Салауатты өмір салты» кабинеті  жұмыс жасайды. Бұнда біздер науқастарға анықтама беріп, семинарлар өткіземіз. Бұдан бөлек патронажға барған медбикелер де тексеріс нәтиждесінде қандай аурулардың алдын алуға болатындығын айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, міндетті скринингтік тексеріске шақырып отырады. Салыстырмалы түрде биылғы көрсеткіш былтырғыдан әлдеқайда жоғары. Жүргізіліп жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде.

Алайда, жасыратыны жоқ скринингтік тексеріске көбіне тұрақты жұмысы бар тұрғындар келеді. Ал жұмыссыздар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру болмағандықтан емханаға келе бермейді. Әлсіздік, тәбеттің болмауы, салмақтың қатты азаюы сияқты белгілерден кейін ауру асқынған кезде ғана дәрігер көмегіне жүгініп, обыр дертінің соңғы 3-4 кезеңдеріне жеткенде ғана келіп, көмекке жүгінеді. Бұл кезеңдерде қолымыздан ештеңе келмей қалуы да мүмкін. Себебі емделушінің химиотерапия алып, емделуге денсаулығы көтермейтін сәттер болады.

Биылғы скринингтік тексерістен өткендердің арасында омырау, жатыр мойны обырына шалдыққандар анықталды. Түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатса да әлі күнге дейін онкология десе қорқып дәрігерге келмейтіндердің саны көп.

Соның ішінде обыр дерті медициналық сақтандырылмаған тұрғындардың арасынан жиі табылып жатыр. Осы тұста түрғындар жұмыссыз ретінде тіркеліп немесе Kaspi.kz қосымшасы арқылы алдын ала медициналық сақтандырудың ақысын төлеп, еш қиындықсыз емхана көмегіне жүгіне алады. Ең басты байлық денсаулықтан артық ештеңе жоқ екенін түсінсе екен дейміз,- деді Анар Саламатқызы.

Жалпы скрининг деген не? Скрининг – бұл шағымдары жоқ белгілі бір жастағы адамдарды ауруларды ерте сатысында анықтау және алдын алу үшін профилактикалық медициналық тексеру. Яғни, емханаға бір рет бару арқылы сіз арнайы тексеру әдістерін қолдана отырып, қатерлі ісік немесе басқа аурулардың болуының (скрининг түріне байланысты) алдын аласыз немесе олардың пайда болу ықтималдығын уақытында анықтай аласыз.

Скринингтік зерттеулерден 30 жастан бастап 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер өтеді. Сонымен қатар тәуекел топтағы медицина қызметкерлері, соның ішінде қанды өңдеуге қатысатын инвазивті ем-шараларды жүргізетін, гемодиализбен айналысатын қан қызметі ұйымдары, хирургиялық, стоматологиялық, гинекологиялық, акушерлік, гематологиялық бейіндер, сондай-ақ диагностика мен емдеудің инвазивті әдістерін жүргізетін, клиникалық, иммунологиялық, вирусологиялық, бактериологиялық, паразитологиялық зертханалардағы мамандар.

Сол сияқты жоспарлы және шұғыл түсетін адамдар, гемодиализ, гематология, онкология, трансплантаттау, жүрек-тамыр және өкпе хирургиясы орталықтары мен бөлімшелерінің пациенттері, гемотрансфузия, ағзаларды (ағзалардың бөліктерін), тіндерді, жыныстық, феталдық, тін жасушаларын және биологиялық материалдарды трансплантау алатын және оны ауыстырып қондыратын пациенттер, жүкті әйелдер мен өмір сүру салтының ерекшеліктеріне байланысты АИТВ-инфекциясын жұқтырудың жоғары тәуекеліне ұшырайтын халықтың негізгі топтарындағы адамдар міндетті түрде скринингтік тексерістен өтеді.

Түйін. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, шын мәнінде денсаулығымыз өзімізден басқа кімге керек? Өз өміріңді ешкімге міндеттемей, осы бастан саулығымызға жауапкершілікпен қарап, ақ халаттыларды өзіміз іздеп, тексерістен өтіп тұруды жыл сайынғы үрдіске айналдырайық.

Арай Сейфолла

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале