Жыл сайын ақпанның алғашқы бейсенбісінде Дүниежүзілік сайлау күні атап өтіледі. Бұл күн азаматтардың сайлауға қатысу құқығын және демократиялық азаматтық құқық пен бостандықты құрметтеуге негіз болып келеді.
Әлемнің барлық елі ақпанның бірінші бейсенбісін Дүниежүзілік сайлау күні ретінде тойлайды. 2005 жылы Будапештте (Венгрия), сайлауды ұйымдастырушылардың Бас конференциясында сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде бекітілді және БҰҰ-ның қолдауымен Дүниежүзілік сайлау күнін аталып өтіледі. Биыл бұл мереке 6 ақпанға келіп тұр.
Жалпы Дүниежүзілік сайлау күнін белгілеудегі мақсат - азаматтардың сайлау құқықтары мен тұрғындардың сайлауға белсенді қатысуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, қоғам санасында демократияландыру процесін жүйелеу, сайлау үдерістеріндегі жетістіктер туралы халықты хабардар ету және сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға бейімділікті қалыптастыру болып табылады.
Елімізде сайлау және сайлану құқығы 1995 жылы 28 қыркүйекте қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңымен реттелген. Сайлауды әзiрлеу мен өткiзудi ұйымдастыратын сайлау комиссиялары болып табылады. Сайлау комиссияларының бiртұтас жүйесiн республиканың орталық, аумақтық округтік және учаскелiк сайлау комиссиялары құрайды.
Ауданы бойынша 68 сайлау комиссиясы, оның ішінде 1 аумақтық, 13 округтік және 54 учаскелік сайлау комиссиялары жұмыс жасайды.
318 мүшесі бар 54 учаскелік сайлау комиссиясының бес жылға сайланған жаңа құрамы өткен жылдың қаңтарынан бастап өз өкілеттіктеріне кірісті. Комиссия мүшелерінің үштен бірінен астамы жаңадан сайланған. Осыған орай, былтыр Дариян, Байқоныс, Мичурин, Үлкен Шаған және Переметный ауылдарында комиссия мүшелеріне көшпелі әдістемелік оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, өкілеттік мерзімінің аяқталуына орай бес ауылдық округтер мен №2 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша орналасқан учаскелік сайлау комиссияларына жеке-жеке оқыту семинарлары өткізілді.
Былтыр аудан бойынша өкілеттік мерзімінің аяқталуына орай 5 ауылдық округ әкімдерінің (Егіндібұлақ, Дариян, Рубежин, Құрманғазы, Макаров) және №2 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Бәйтерек ауданының шығып қалған мәслихат депутатының сайлаулары өтті. Сонымен қатар, Қазақстанда атом электр станциясын салуға қатысты республикалық референдум болғаны белгілі. Осы аталған референдум мен сайлауларға үлкен дайындық жұмыстары, оқыту семинарлары, тәжірибе алмасу шаралары, учаскелік сайлау комиссияларын жабдықтау жұмыстары ұйымдастырылды. Бәрі де ойдағыдай, жоғары деңгейде өтті деп ойлаймыз.
Енді биылғы жылдың жұмыс жоспарымызға тоқталар болсақ, оы жылы ауданымыз бойынша өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты 5 ауылдық округ әкімдерінің (Сұлукөл, Январцев, Чиров, Зеленое, Янайкин) сайлауларын өткізу жоспарланған. Таяуда, яғни 22 қаңтарда аудандық аумақтық сайлау комиссиясының отырысы өткізіліп, онда Сұлукөл ауылдық округі әкімінің сайлауын 2025 жылғы 2 наурызға тағайындау туралы қаулы қабылданып, сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Бүгінгі таңда кандидаттардан құжаттар қабылдау жүргізілуде.
Көпшілік білетіндей, 2021 жылдан бері ауылдық округтердің әкімдерін тікелей тұрғындар сайлап келеді. Биыл Январцев, Чиров, Зеленое және Янайкин ауылдық округтерінің тұрғындары әкімдерін тікелей екінші рет сайлайтын болады.
Дүниежүзілік сайлау күнін атап өту мақсатында аудандағы сайлау комиссияларының ұйымдастыруымен аудан тұрғындарының сайлау мәдениетін қалыптастыру бағытындағы әртүрлі форматта іс-шаралар өткізілуде. Осынау кәсіби мереке қарсаңында барша сайлау саласының ардагерлері мен комиссия мүшелерін мейрамымызбен құттықтай отырып, дендеріне саулық отбастарына бақ-береке, қызметтеріне табыс тілеймін.
Радик Ихласов,
Бәйтерек аудандық аумақтық сайлау
комиссиясының төрағасы