21.04.2022, 10:45
Оқылды: 56

Тұрғындардың ұсынбасы аяқсыз қалмайды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы" Жарлығын орындау мақсатындағы жоспарлы жұмыстар Сырым аудандық ауылдық округтерінде белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Осындай маңызды кездесулерінің бірі Шолақаңқаты ауылдық округіне қарасты Құспанкөл, Аңқаты, Қарағанды ауылдарында тұрғындардың аудан әкімі Төлеген Төреғалиевпен еркін түрде, пікірлесу деңгейінде өткізілді. Ауылдық округтің әкімі Ерлан Журалиев кіріспе сөз сөйлеп ашқан Құспанкөл ауылындағы тұрғындардың аудан әкімі Төлеген Төреғалиевпен кездесуі шынайы, еркін пікірлесу, толғамды ой айту бағытында өрбіді.

2

Айталық, ауыл тұрғыны Дастан Сейітжанов өзін ауыл тазалығындағы қолайсыз жағдайлардың мазалайтындығын айтты.

Мәселен, Дастанның айтуынша ауыл шетіндегі мал моласы өлекселерден әбден толғандықтан малдың терілері, өлген малдың сүлделері ендігісін көшелерден де жиі көрініс табуда.

Ал соңғы кездері балалар арасында қызылша ауруының белең алуы да Дастанды жиі мазалайды екен.

Сондай-ақ құспанкөлдік тұрғындар Оразбай Ғұсманов, Боранбай Оқасов ауылда газды жөндейтін арнайы маманның жоқтығын, электр бағандары шіріп, құлағалы тұрғандығын, сымдарды ауыстыру қажеттігін, ауыл тазалығы мен мал қорасын салудағы кейбір келеңсіздіктерге назар аударылса деген ой-ұсынбаларын ортаға салды.

1

Аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің Аңқаты, Қарағанды ауылындағы тұрғындармен кездесу жиынында ең бір толғақты мәселелер ауыл тазалығы, электр жарығы, бұралқы иттер, мал бағу жәйі сөз болып, аудан әкімі тарапынан нақты жауаптар қайтарылды.

- Президенттің Жарлығына сәйкес енді әр тоқсан сайын халықпен есептік кездесулер өткізіледі. Мұның басты мақсаты айтылған ұсынбалардың аяқсыз қалмай, уақытылы орындалып отырылуына басты түйткіл болмақ. Бүгінгі өздеріңізбен кездесу де осы бағытта ұйымдастырылып, ой-пікірлеріңізді тыңдауға арналып отыр. Ең бастысы кездесуде айтылған ұсынбалар аяқсыз қалмайды. Яғни тиісті сала басшыларына тапсырмалар беру арқылы жүзеге асырылатын болады. Күнделікті қолданатын таза су, көгілдір отын, электр жарығы, ауыл тазалығы сияқты мәселелер күн тәртібінен түспек емес, ол үнемі назардағы басты жұмыс. Ал "Менің аулам - менің бағым" жобасына қатысу әрбір тұрғынның басты міндеті болуға тиіс,- деді Төлеген Серікқалиұлы.

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале