Қазталов ауданында халық жиыны өтті.
Күн тәртібінде жеке тұрғындардың малын бағуды ұйымдастыру, ауылдағы тазалық жұмыстарын атқару мәселелері талқыланды.
Мал бағуды ұйымдастыру туралы «Таңгер» ауыл шаруашылығы кооперативінің жетекшісі Ахмет Сұпығалиев түсінік берді.
- Қазталов ауылында жыл сайын 5 бағытта мал бағылады. Биылдан бастап «Таңгер» кооперативі «ПМК», «Совхоз», «Сельхоз» бағыттарында ғана мүйізді ірі қара малын бағуды ұйымдастырады. Қалған екі бағытта басқа кооператив жұмыстанбақ. Ал бақташыға мал басына тұрғындардың келісімі бойынша 800-1000 теңге төленбек. Бұл қаражатты тұрғындардың өздері төлейді. Бойдақ малдарды жылдағыдай Қараөзен бойында ауыл тұрғыны Асылбек Байзуханов 1000 теңгеден бағамын деп отыр,- деді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша округ әкімі хабарлама жасап, «Тазалық айлығы» кезінде ауыл тұрғындары сенбіліктерге шығып, абаттандыру жұмыстарына да белсене қатысуға шақырды. Сонымен қатар Жүсіп Шакуов қыстан қалған күл-қоқыстар мен қатты қалдықтарды шығаруға ауылымызда арнайы техникалар тартылып, ол үшін тұрғындар 3500 теңге көлемінде ақша төлеу керектігін айтты.
Жиын соңында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков көтерілген екі мәселеге қатысты өз ойын білдірді.
- Біз аудан орталығында отырғандықтан, мал бағуды дұрыс ұйымдастыруымыз қажет. Болашақта ауыл ішінде ұстайтын мал санына шектеу қоямыз. Яғни, артық малдарды ауыл сыртында немесе басқа бір жерде бағуды қолдану керек. Бос жүрген малдар ауылымыздың тазалығы мен экологиялық-санитарлық жағдайына кері әсерін тигізіп отыр. Бұны біз жасыратыны жоқ күнделікті өмірімізден көріп жүрміз.
Сонымен қатар ауданымыз бойынша өтетін «Тазалық айлығы» кезінде бірлесе қимылдап, абаттандыру жұмыстарына және қалдықтарды шығаруға басты назар қажет. Әрбір тұрғынға өз аулаларында егу үшін тал-теректер үлестіретін боламыз. Екі айдың ішінде ауылымыздың тазалық жұмыстарын толығымен аяқтау көзделуде. Егер де малдары бағусыз және өз айналасын тазаламаған тұрғындар болса, оларға жергілікті полиция инспекторларымен бірлесе отырып әкімшілік жауапкершілікке тартатын боламыз,- деді.
Сонымен қатар аудан әкімі Абат Абайұлы аудан орталығында атқарылатын жұмыстарға да тоқталып өтті. Атап өтсек, биылғы жылы аудан орталығында 6 көшеге қара жамылғы төселіп, жаяу жүргіншілер жолы салынбақ. 2 мейрамхананың, 3 екі қабатты үйдің және саз мектебінің құрылысы басталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ аудан бойынша халықаралық «Қызғалдақ» ән фестивалі, Алма Оразбаева мектебінің 150 жылдық мерейтойы сияқты ауқымды шаралар өтетін болады.
Қайрат ЖАҚЫП,
Қазталов ауданы