Облыс әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапары аясында Хан ордасы ауылының тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында Майдан Батыров жол құрылысының баяу жүріп жатқанын мәселе ғып көтеріп, ауылға кіреберіс 21-шақырымға асфальт төсеуді сұрады. Ағамыз көтерген екінші мәселе негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы боп отырған аудан тұрғындары үшін жайылымның тарлық етіп отырғаны болды. Әскери полигонға берілген жер аумағын қайта қарап, ауылдағы ағайынның пайдасына оң шешімін тапса екен деген тілегін айтты.
Талғат Саматов ағамыз орман аумағын қорғау мәселесін сөзіне арқау етті.
- Бұрындары орманды дельтапланмен, тікұшақпен кеп, улайтын, қазір ондай жұмыстардың бірі де жоқ. Ауылдың малы орманда жүр. Осылай жалғаса берсе, қарағайлы орманымыздан айырылып қаламыз, - деп, ағамыз орманды қоршау қажеттігін айтты.
Талғат ағамыз көтерген екінші мәселе - Мұратсай су қоймасы болды.
Ақзия Ғайсина ауылдың медициналық амбулаториясына "жедел жәрдем" көлігін сұрады. Ардагер ұстаз Алтын Бисалиева: - Қоғамдағы жақсы өзгерістерге куәміз. Біз көрген қиындықтар, біз кешкен кешегі тірлік - бүгінгі жастарға ертегі. Ел аман, жұрт тыныш боп, ұрпағымыз қиындық көрмей, шат тірлік кешсін. Біздегі тілек - осы, - деді.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz