11.04.2024, 15:15
Оқылды: 79

Тұрғындармен кездесулер мәселелерді шешуге негіз болмақ

Қар кетісімен көпшілікті алаңдататын қажеттілік - жазғы мал бағымы, жайылымы. Тіршілігін төрт түлігіне теліп отырған тұрғындардың көкейіндегі көп сұрағы осы тұста ауылдық округ әкімімен кездесулерде қойылады. Жазғы мал бағымы ауқымды мәселе. Мұның аясында ауылда бағылатын ірі қара сауын малы мен қырға айдалатын бойдақ мал бағылымы, уақ жандықтың қырға бағылуы, бақташылар мәселесі, төлем жағдайы мен мал бағу тәртібі қаралады.

435124237_1845276389217454_542148465388257012_n (1)

Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Саида Бркенова кезек күтірмейтін мәселе бойынша Ұрысай, Жаңакүш, Қызылкөл, Ақсұғым және Шоқтыбай елді-мекендерінде болып, Шыңғырлау ауылы тұрғындарымен де кездесті.

Жазғы мал бағымындағы басты мәселе - бақташы таңдау. Таңдау дейміз - ау, түліктің қыр-сырын біліп, жайылар өрісін, жусайтын тұсын тап басып, суы мен нуын нақты білетін байыпты бақташы табу үлкен мәселе. Оның бер жағында көпшілікпен де тіл табысып, мал бағымын жанашырлықпен жүргізетін бақташы халыққа керек-ақ. Әрине, мұндай шаруасына мығым бақташылар әр ауылда бар, тіпті талай жылдан бері мал бағып, көпшіліктің ықыласын алған бақташы азаматтар да жетерлік.

Алайда, көпшіліктің ауызында бақташылардың басын жақсы бастап, жаздың аяқ шеніндегі қожырай бастайтыны, малды ерте әкелу жағдайлары, өріс қуаламай, малды ала жаздай бір орынға иіріп бағуы сынды реніштері айтылып қалды. Бақташылар тарапынан да тұрғындардың малды ертеңгілік ерте шығарып, уақтылы күтіп алуға шықпайтыны, нәтижесінде мал ауылға кіріп көше аралап кететіні немесе үйіне бармайтыны, тиесілі төлемнің көп жағдайда тиісті уақытында төленбейтіні айтылып жатты.

Мал бағымы туралы кездесулердегі тағы бір өзекті мәселе - ауыл малына жайылымдық жердің тарлығы. Ауыл маңындағы жерлердің көп көлемде жеке тұрғындар мен кәсіпкерлер меншігіне өтіп кетуі үлкен даулы мәселеге айналып жүр. Пісуі жеткен бұл жағдай шұғыл аудан басшылығы деңгейінде қаралып, тиісті бөлімдер арқылы шешілуі тиіс.

Кездесулердегі көп айтылып, жіті түсіндірілген мәселе - мал иелерінің АӨК-не (ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі) бірігуі. Яғни, ауылдарда аталмыш кооперативтерді ашып, төрағасын сайлап, әрбір тұрғын 18 айдан асқан аналық ірі қарасын АӨК құрамына тіркеу арқылы мал басына берілетін мемлекет субсидиясын игеру, асыл тұқымды бұқа алдырып, мал тұқымын асылдандыру. Бүгінгі таңда тұрғындардың төрт түлік малы «АШЖБ - ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру» дерекқорына (база ИСЖ- идентификация сельскохозяйственных животных) тіркеледі. Осы тұста АӨК- тегі мал саны мен АШЖБ тіркеуіндегі мал саны сәйкес болуы тиіс, яғни мал иесі аудандық ветеринариялық стансияға барып, малын нақты көрсете отырып дұрыс тіркетуі тиіс. Ал, АӨК-ке тіркеулі тұрған мал басын сату немесе сойып алу мәселесі еш қиындық тудырмайды. АӨК- де (СПК) тіркеулі мал басына берілетін субсидия алғашқы жылы асыл тұқымды бұқа алуға жұмсалады. Ал, бұдан кейінгі жылдары кооперативке қажетті мал азығы, техника алу сияқты кооператив мүшелерінің ортақ шешімімен шешілетін басқа да қажеттіліктерге жұмсалатын болады. Бұл мәселелерді аудан бойынша АӨК- терін құру жұмыстарын ұйымдастырып реттеуші Нұрлыбек Қалиев айтып өтті.

Бақташы мен мал иесі арасындағы келісімшарт мәселесі де ортаға салынды. Бақташының мал басының түгелдігі, жаздайғы бағымдағы жауапкершілігі мен мал иесінің төлем жасауы, ауырған малын алып кету, емдету, жоғалту немесе мал шығыны жағдайындағы өтеу жолдарының бірден-бір кепілі - келісімшарт жасасу. Сондықтан, бұл мәселеге атүсті қарамай, тиянақты жасалу қажеттігін ескерткен округ әкімі Саида Бркенова келісімшарт үлгісін кез келген уақытта ұсына алатынын атап өтті. Сондай-ақ, қар кетіп, көшелер кепкеннен кейін әрбір тұрғынның өз үй-жайы, ауласы айналасында көктемгі тазалық жұмыстарын жүргізуін ескертті. Сәуір айының 11-і күнінен бастап ауданымыз бойынша сенбіліктер басталмақ. Осы кезде тұрғындардың өздері де көпшілікке көмектесуі айтылды.

435085314_1845276309217462_8284700839021580995_n (1)

Қазір аудан орталығында мал дәрігерлері малдан қан алу, екпе салу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Дәрігерлер саны жетіспегендіктен бұл жұмыстар баяу жүруде, дегенмен мал дәрігерлері уақытпен санаспай қауырт жұмыс жасауда. Мақсат, мал далаға шығып кетпей қан алып, егіп үлгеру. Бұл тұста да мал иелерінің малдарын ұстасып, мал дәрігерлеріне көмектесуі талап етілетіні ескертілді. Қазір қан алумен қатар аусыл (ящур) ауруына егу жүріп жатыр, 21 күннен кейін «Сібір жарасы» мен «Эмкар»-ға қарсы егілетіні айтылды.

Тұрғындар көкейіндегі көп сұрақтар ішінде көшелердің қырылып, тегістелуі, көше шамдарын жарықтандыру, соңғы уақытта тым көбейіп, мал мен құсқа тиіп жүрген бұралқы иттерді жою, жиналмай жатырған қоқыс туралы мәселелер де бар.

Көшелер тегістеледі, бірақ жер сәл кеуіп, су тасқынының бетін қайтаруда жүрген ауыр техникалар босаса, көшелерді қыруға шығарамыз, - деді округ басшысы. Көше шамдары мен қоқыс контейнерлерінің жайын да жіті назарға алатынын жеткізді.

Шыңғырлау ауылы бойынша жалпы село тазалығы мен осы қоқыс контейнерлерін қадағалауға халық арасынан бақылаушы қою қажеттігін айтып, ауыл тұрғыны Галина Волкогонды бақылаушы ретінде ұсынды. Көпшіліктің келісімімен сайланған бақылаушыға кез-келген тұрғын тазартылмаған контейнерлерді суретке түсіріп, нақты орны мен көшесін белгілеп жібере алады. Бақылаушы өз кезегінде тікелей қоқыс тазалаушы мердігермен байланысқа шығып отырады.

Жалпы, тұрғындарға қажетті көп мәселе екшелген бұл жиындар бойынша, ауылдық жерлерде, атап айтқанда, Ұрысай ауылында Қанат Зданов есімді тұрғын бақташы боп белгіленді, ірі қара мал басына 1600 теңге төлем бекітілді. Қой-ешкі малын 700 теңгеден ауыл тұрғыны Біржан Сәтбаев бағатын болды.

Жаңакүш ауылында Файзолла ныспылы тұрғын ірі қара мал басын 1600 теңгеден бағады.

Қызылкөл ауылы бойынша Орынбасар Әбдиров АӨК (СПК) бойынша ауылдағы сауын малды- 1000 теңге, ал жайлауға кететін бойдақ малды- 1500 теңгеден бағатын болды.

Ақсұғым ауылы бойынша Төлеген Қалжанов бақташы боп бекітіліп, мал басына 1600 теңгеден төлем қойылды. Аудан орталығында мал өрісі 4 бағытта өреді. Темір жолдың арғы бетіндегі астық қабылдау пункті аумағы мен ел іші «Казарма» атап кеткен бөлікте Асхат Қасымбаев пен Ержан Ақбатишев есімді бақташылар белгіленіп, мал басына 2000 теңге төлем бекітілді.

Ал, аудан орталығының төменгі жақ бетінде аудандық Мәдениет үйі маңы, жалпы ауылдың солтүстік бетіне беттейтін мал өрісіне Тасболат Купашев жауапты. Мал басы 2000 теңгеден бағылады. Ескі май зауыты маңындағы тұрғындар малын Владимир Дмитриенко 2000 теңгеден бағатын боп келісілді.

Уақ жандықтар бағымы барлық бағытта 800 теңгеден болып шешілді. Жалпы, мал бағымы айнала қар суының құрғап, кебуіне орай сәуірдің 20-нан кейін басталатыны да ескертілді.

Жергілікті полиция инспекторы Иван Кива тұрғындарды төрт түлігіне аса сақ болуын, көшелерге қараусыз қоя бермеуін қатаң ескертіп, бүгінгі таңда аса өзекті боп отырған телефондағы алаяқтық туралы түсіндіріп өтті. Кез-келген белгісіз нөмір немесе нөмірі «+7...», «8...» сандарынан басталмайтын қоңыраулардан сақ болу керектігін, онлайн- несиеге телефоннан бұғат қойып тастау қажеттілігін атап айтты.

Қаршыға Елемесов, 

Шыңғырлау ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале