«Ауыл аманаты» бағдарламасы Казталов ауданында екінші жыл жүзеге асуда. Ережеге сәйкес, жылға бөлінген қаржының 50%-ы мал шаруашылығы, қалған 50%-ы өсімдік, балық, құс шаруашылықтары мен басқа өндіріс түрлерін дамыту мақсатына бағытталған. Бұл бағдарламаның көздегені ауылды көтеру, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту арқылы ел экономикасына үлкен оң серпін беру. 2,5% еш банк несие бермейтіні баршаға мәлім.
«Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ұйымдастыруымен басқарма төрағасы Е. Досмақов бастаған топ Түркістан облысына 15-16 ақпан күндері қызметтік сапарға кетті. Ауданнан барған делегатты бастап «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асуына жауапты, аудан әкімінің орынбасары Р. Иманғалиев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы А.Қажығалиев, кәсіпкерлер мен өз шаруашылығын және кәсібін ашуға ниетті Д.Аябалиев, Н.Хайруллин, А.Ғаббасов азаматтар бірге барды.
Қызметтік сапардың басты мақсаты - Түркістан өңірінде шаруасын дөңгелетіп отырған іскер азаматтармен кездесіп, өндіріс орындарына барып, тәжірибе алмасу арқылы ауданда жүзеге асыру.
15-16 ақпан күндері бағдарлама бойынша Кентау қаласы, Сауран, Отырар, Сарыағаш, Төлеби, Түлкібас аудандарындағы балық, өсімдік шаруашылықтары, наубайхана өндірісі, тігін тігетін, шұлық шығаратын, жиһаз жасайтын, көмір брикет өндіретін, пластик өңдейтін шеберханалардың жұмысымен танысты. Осы ретте тәжірибе алмасу сапары туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы А.Қажығалиевтен толық мәлімет алдық.
- Бағдарламаның бірінші күнінде Кентау қаласына қарасты, Қарнақ ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алып жұмыс жүргізіп отырған «Тажиддин Ата» агроөнеркәсіп кешенін төрағасы Алимхан Тажиддинұлы Абдуғаппаровпен кездесті. Алты құрылтайшысы, 24 мүшесі бар кешен туралы толық ақпарат беріп, алдағы уақытта 12 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарымен бөлісті. Жоба құны - 27,6 миллион теңге. 1 жылдық өндіріс қуаттылығы 50 тонна. Көздеген мақсаты - Отандық өнімді өндіріп, елді таза, табиғи жолмен өскен құс еті және тауық жұмыртқасы мен қамтамасыз ету.
Осы бағдарламаға қатысып отырған «Ажар» ЖК иесі Ажар Қалдыбаева, жоба құны - 8,5 миллион теңге. Қытайдан 3 түрлі заманауи құрылғы сатып алып, қазіргі күнде компьютермен қалаған әдемі суреттерді төсеніш, көрпе бетіне түсіріп, арнайы құрылғымен тігіп, өз өндірісін сатып кәсібін дамытып, 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Отырар ауданы Қоғам ауылына қарасты Талапты елді мекенінде «Ran» ЖК балық шаруашылығын дамытуда. Жоба құны – 12,0 миллион теңге. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 7,0 миллион теңге алған. Жеке кәсіпкер өз бақшасында төрт бассейн салып, оған сазан, форель шабақтарын жіберген.
Сыйымдылығына келер болса, әр қайсысына 3,5-4 мыңдай шабақтан келеді. Балтакөл ауылында бағдарлама арқылы 24,9 миллион теңге көлемінде қаржыланып, өз кәсібін ашқан «Алға Бам» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты. Кооперативтің 43 құрылтайшысы 80 мүшесі бар. АШӨК төрағасы Сабыржан Досжановтың айтуынша алған қаржыны 2 бағытқа жұмсаған. 4,9 миллион теңгесіне 14 бас етті баспақ алып бордақылауға қойылса, қалған 20,0 миллион теңгесіне құрылғылар сатып алып тары өңдеу жұмысын қолға алған.
Сапардың екінші күнін Сарыағаш ауданы, Құркелес ауылында орналасқан «Лайбекова К.Ж» ЖК жұмыртқа лотогын шығаратын цехтен бастады. Кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 8,6 миллион теңге несие алып, Қытайдан винтовой компрессор алдырған. Бір күнде 35 000 дана лоток дайындайды, 1 данасын 20 теңгеден тапсырады. 16 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Мамиров» ЖК иесі Талғат Мамировтың кәсібімен танысты. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 8,6 миллион теңге несиеге шұлық тоқитын машиналар сатып алыпты. Күнге орта есеппен 100 данадан кем емес шұлық шығарады. 2 адамды тұрақты жұмысқа алған. Кейін Жартытөбе ауылында бағдарлама арқылы 8,6 миллион теңге несие алып темір дәңекерлеу кәсіпорнын ашқан «Камаров» ЖК иесі Бахтияр Камаровтың кәсібімен танысып, өзімен тілдесті. Керек құрылғыларды Ресей мен Беларусь елінен алдырған. Тұрмысқа қажетті қақпа, орындық, күрке, әткеншек, үстел басқа да сұранысқа ие дүниелерді жасайды. Осы ауылда жылыжай өндірісін қызмет түріне айналдырған, «Муроджан» ЖК иесі Муроджан Ассабадиновтың кәсібін көрді. Өзі жинаған қорымен бастап, жетпеген 8,0 миллион теңге қаржыны «Ауыл аманаты» бағдарламасымен алып, темір, пленка, тұқымын, басқа да қажеттіліктерін сатып алған. Жылыжайда 1,5 миллион түп өсіруде. 5 адамды тұрақты жұмысқа алса, қосымша 5-6 адамды күнделікті жалдамалы жұмысқа алып отырады.
Іссапар барысында бірқатар кәсіпорынды көзбен көріп, ауданда осындай жобаларды қолға алса, ұтарымыз көп еді. Табиғатты қорғау мақсатында мысалы жұмыртқа лотоктарын өндіру үшін картон, қағаз қабылдаса, пластик қабылдап, өңдеп қалам, сызғыш, сөмке, түрлі құты, шелек, табақ, ыдыс түрлерін шығаруды неге қолға алмасқа? Ең бірінші әрине кәсіп ол табыс, сонымен қатар тұрмыстық қалдық азайса, ауа ластануы азаяр еді. Немесе осындай шұлық тоқитын кәсіпорын өз ауданымызда ашса, нұр үстіне нұр болар еді, - деді.
Жұлдыз Асқар,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz