5.04.2024, 12:30
Оқылды: 74

Түркістандық еріктілер Қаратөбе ауданына келді

Қаратөбе ауданындағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысының ерікті жастары ауданға гуманитарлық көмек жеткізді. Түркістан халқының қолдауы мен ыстық ықыласын жеткізген еріктілер «Дарын» интернатындағы эвакуациялық пунктке орналастырылған Аққозы халқымен дидарласты.

Түркістан еріктілері (6)

Су тасқынының салдарынан қиын жағдайда қалған аудан халқына көмек қолын созуға келген түркістандық жастар барынша қолдан келер көмектерін жасауда.

Түркістан еріктілері (5)

– Еліміздің әр өңірінде су тасқыны болып, халық зардап шегіп жатқандығын естігенде Түркістан облыстық жастар ресурсы орталығының жанынан арнайы штаб құрып, облысымызға қарасты 17 аудан, қаладан гуманитарлық көмек жинауды бастадық. Ақтөбе облысына 30 тонна гуманитарлық көмекті жеткіздік. Одан кейін Қаратөбе ауданына да келіп, тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға жәрдем беруді мақсат тұттық. Облысымыздың гуманитарлық көмегін жеткіздік. Сонымен қатар азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық қажеттілік заттары тиелген жүк көлігіміз Қаратөбеге қарай жолға шықты. Қаратөбеліктерге қандай да бір көмек жасауға дайынбыз, - дейді Түркістан облшыстық жастар ресурстқы орталығының маманы Ақтөре Мейіржанұлы.

Түркістан облысынан келген 15 шақты ерікті эвакуациялық пунктте жатқан Аққозы ауылының тұрғындарына арнап үлкен екі қазанға палау пісірді. Дастарқан жайып Түркістан облысы халқының дұғай сәлемін айтып, қиындықта бірге екендіктерін жеткізді. Аққозы ауылының тұрғындары үлкен сынақ кезінде қолдау білдірген ерікті жастарға ризашылықтарын білдіріп, ақсақалдар батасын беріп жатты.

Түркістандық ерікті жастар эвакуациялық пунктте жатқан аққозылықтарға көктем мезгілінде киетін күртеше мен жеңіл киім таратты.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале