2.06.2022, 11:15
Оқылды: 90

Түркияда оқып жүр...

Түркияда оқып жүргендердің бірі – Қанат Жәкенов. Қанат осыған дейін Бөрлі аудандық мұсылмандар мешітінде бас имам болып қызмет жасаған болатын. Ол сол қызметте жүріп-ақ қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылатын. Оны аудан тұрғындарының басым көпшілігі білетін десек қателеспейміз.

11

Бүгінде ол Түркияның Анкара қаласында оқиды. Нақтырақ айтсақ, Анкара университетінің исламтану факультеті, оның ішінде «Ислам масхабтар тарихы» мамандығы бойынша магистратурасында оқиды. Қызмет барысында орнаған байланысты газет тілшілері де әлі күнге дейін үзбей, түрлі әлеуметтік желі арқылы байланыста жүреміз. Соның арқасында Қанаттың ол жақтағы жетістіктеріне де куә болып, қуанып та жүрміз. Мәселен, ол жақында өткен екі ел президенттерінің кездесуінде аудармашы болды. Сол сәттерді WhatsApp  желісінде статусқа қойған сәтін де біз тағатсыздана күтіп отырдық. Оған дейін студенттердің Түркия елінің президентімен кездесулерін де жүктеп жүретін. Бұл жолы енді өзіміздің ел Президенті, оның үстіне екі ел басшыларының кездесуінде аудармашы болу деген...

9

«Президенттің жанынан бір-ақ шықтым»

«Әдеттегідей сабақта отырғанбыз. Телефоныма қоңырау түсіп, «Біз Түркия елінің президент әкімшілігінен хабарласып тұрмыз. Бүгін осы Анкара қаласында ел Президенті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі. Яғни президенттік кездесудің кешкі асы болады. Президентпен бірге Қазақстаннан бірнеше делегаттар келеді. Сол жерге университеттегі қазақстандық 10 студентті аудармашы ретінде шақырып жатыр, солардың қатарында сіз де барсыз» деп шақырды. Шыны керек, мен үшін күтпеген жайт болатын. Бір жағынан толқыдым, бір жағынан қуандым. Тіл білетінім өтірік емес қой, неге тартынуым керек» деп тәуекелге салдым. Межелі уақытта Түркия президентінің ордасына алып келді. Ол кездегі сезімді, мендік күйді айтып жеткізе алмаймын. Не істеу керек екенімізді түсіндірді. «Бұл жерде мысалы әр столға екі елдің министрлері, т.б сала мамандары тәжірибе алмасу ретінде аралас отырғызылады. Аударма керек жерлерде сіздер көмектесесіздер»,-деді.

Осылайша біз Қанаттан дін саласына қалай бет бұрғаны туралы да әріден сөз қозғап, етене таныс болдық.

Мені «шақырған» азан дауысы...

Қасиетті Қаратөбе топырағында дүниеге келген Қанат Қуанышбайұлының сөзінше, оны дін саласына бала кезінде естіген азан дауысы алып келген.

- Қателеспесем, 6-7 сынып оқитын кезім. Аудан орталығындағы мешітте таңмен азан шақырып жататын. Баламын. Әлі ештеңенің байыбына бармаған кезім. Бірақ сол азан дауысы бүртүрлі құлаққа жағымды естілетін. Бір күні ақырындап мешітке бардым. Мешіт имамы Әділжан ағайға салемдесіп, сол күні күн ұзағына мешітте болдым десем болады. Содан күнде мешітке келетін болдым. 8-сыныптан намаз оқып бастадым. 10-сынып оқып жүрген кезім. 2008 жылдар болса керек. Аудандық мешітке сол кездегі облыстық мұсылмандар мешітінің бас имамы Смайыл Сейітбек келді. Күндегіше намаз уақытымен оқылды. Намаздан соң маған және мен секілді тағы да басқа жастарға Смайыл аға құран оқуды бұйымтай етті. Менде қарап қалмай 2-3 жылда өзімше үйреніп алған сарыныммен оқыдым. Біраз уақыттан соң маған ол кісі жақындап, «Құранды әжептәуір жақсы оқиды екенсің. «Мектеп бітірген соң кел, сені медресеге оқуға аламын»,- деді. Маған да керегі сол еді. Мектепті аяқтасымен Орал медресесіне оқуға келдім.

«Намаз оқиды» деп үрке қарағандар да болды...

- 3 жыл медреседе діни сауатымды ашып, кейін Алматы қаласындағы "Нұр-Мүбәрак" Египет ислам мәдениеті университетінде білімімді толықтыра түстім. Осылайша менің имандылық жолындағы өмірім басталған еді. Рас, осы жолды таңдағанымда, тіпті мешітке бара бастағаннан-ақ үрке қарап, «Неге намаз оқисың, ертең өзіңе қиын болады, жап-жас болып намаз неге керек, т.б» деп айтқандар болды, әрине. Оларды да түсінуге болады, мүмкін қазіргі заманда адасушылық көп, теріс діни ағымдары жетіп артылады. Сондықтан да жастығыма қарап, шалыс баспасын деп айтқан шығар. Мен бірақ еш өкінген емеспін. Ешкімнің ықпалымен емес, мен өзім осы жолды таңдадым. Ата-анам да қарапайым жандар. Олар маған сенді, мен олардың үмітін ақтауға тырыстым. Әлі де тырысып-ақ келем. Қай істе де ешкімді ешкім мәжбүрлемейді. Бәріміз мұсылманбыз. Таза жүру, дұрыс ниетте болу ол - адамның өз жүрегінде. Дегенмен, мен дін саласына түбегейлі бет бұрғаннан кейін әр мұсылман бауырымның дұрыс жолда болып, иманға келіп, қайырымды болуға ниет еткенін қалаймын әрі айтудан да жалықпаймын.

Дін жолы - адамгершілік пен жауапкершілікті шыңдайтын жол

- Оқып жүріп Рамазан айларында, кейін 2013-2016 жылдары машықтан өтуге осы Бөрлі аудандық мешітіне келіп жүрдім. Маған дейін бас имам болып қызмет атқарған Мейрамбек Адрахмановты аға тұтып, сыйластықта болдым. Араласа жүріп, кейін университетті тәмәмдаған соң, яғни 2016 жылы осы мешітке бас имамның көмекші найб имам ретінде қызметке қабылдандым. Оған қоса деструктивті діни ағымдармен күрес жұмыстарын жүргізетін «Парасат» қоғамдық бірлестігін де қатар ала жүріп, тәжірибе жинаған болдым. (Бұл қоғамдық бірлестік әлі де өз басшылығымда). Осылайша тәжірибе жинақтай жүріп, 2018 жылдың мамыр айында мүфтиаттың тағайындауымен Бөрлі ауданына бас имам болып тағайындалдым. Жалпы отбасылымын. Дана есімді жұбайым, Исламхан, Жәңгірхан атты екі ұлымыз бар. Ел алдындағы үлкен жауапкершілігім мені шыңдай түскендей.
Жалпы, өткен ғасырларға тарихқа көз салып қарап салыстырғанда, біздің заманымызда имамдық жүгін алып жүру күрделірек болып бара жатыр десек, артық айтқаным болмас. Себебі ол кездерде адамдар көбіне ауыл-ауыл, тайпа-тайпа болып өмір сүрген. Әр ауылдың өз молдасы бар, бәрі дерлік бір дінді ұстанған. Имам шариғаттан не десе, жұрт соған құлақ асатын, дін адамы ретінде оған бой ұсынған. Оның үстіне, ол заманда көзге ілінетін теріс көзқарастар, жат ағымдар болмайтын. Ал қазіргі біздің қоғамдағы атмосфера мүлдем бөлек. Технология мен білімнің дамыған заманы. Дұрыс мағлұмат та, бұрыс мағлұмат та ақпараттық кеңістікте қолжетімді болған заман. Ортамыз да бұрынғыдай жалғыз дінді емес, өзге ұлт, сенім өкілдері араласқан күрделі қоғам. Жасыратыны жоқ, қазір адамдардың, әсіресе жастардың дін туралы ойлары ауытқып тұрған кезең. Иә, бұндай қоғамда жұртты дінге шақыру, дін адамы болып қызмет атқару аса күрделі әрі бұрынғыдан екі есе ауыр жүк»,-дейді Қанат.

8

Сөз арасында дін саласында алғаш еңбек жолын бастауына себеп болған, кезінде ауданымызда бас имам болған, бүгінде облыс имамы орынбасары Мейрамбек Абдрахмановпен де хабарластық.

«Қанатты мақтан тұтамыз»

Мен Бөрліде 2014 -2018 жылдар аралығында бас имам қызметінде болдым. Сол кезеңдерде ауданға діни сауаттылығы жағынан мамандар өте қажет болды. Сол аралықта «Нұр-Мүбәрак» университетінде оқып жүрген кезінде практикадан өтті, кейін менің орынбасарым болып 2 жыл қызмет етіп, сонымен бірге жастармен тығыз қарым-қатынаста болып, ұстаз, теолог маман болды. Асқан жауапкершілігімен маман ретінде, азамат ретінде елдің көңілінен шыға білді. Сондай еңбегінің арқасында кейін ауданда бас имам болып, 5 жылға жуық абыройлы қызмет атқарды. Міне, бүгінде облыстағы діни қызметкерлер арасынан өзінің ізденімпаздығының арқасында Түркияның ең белді университетінің грантына ілігіп, білімін арттырып жатыр. Біз Қанатты мақтан тұтамыз. Дүниеде ең әсем әрі тозбайтын бір нәрсе бар болса, ол – білім. Көбінесе дәрігерді тән емшісі, ал имамды жан емшісі деп салыстырып жатамыз. Бірақ имамдардың дәрігерлерден бір айырмашылығы – медицина қызметкерлерінің түрлері көп, ал имам – әмбебап міндет жүктеген тұлға. Басы ауырған адам терапевтке, тісі ауырған адам стоматологқа барады. Ал имамдарда бұндай жеңілдік жоқ. Дем салдырғысы келген адам да, баласына Құран үйреткісі келген адам да, діни мәселелердің жауабын сұрау үшін де бір молдаға барады. Әрқайсысы әртүрлі мәселелерді айтады. Бұндайда имамның басында білім болмаса, алдына кеп тұрған адамдарға не жауап береді? Сондықтан, оларды мазалаған мәселелерге мардымды, сауатты жауап беру үшін имам білімді болуы шарт. Сол себептен де имам ретінде сауаттылықты шыңдау үшін  әрқашан кітап оқып, білім ізденіп жүруді мен парыз санаймын. Осы ретте Қанат қазіргі алып жатқан білімінен бөлек (оған дейін) діни басқарманың, елшіліктің ұйғарымымен Мысырға 2 айлық оқу курсына барып келді. Ондағы Әл-Азhар университеті Каирдегі (Египет) әлемдік мешіт әрі мұсылмандар университеті болып табылады. Сонымен қатар ол ел нағыз сахабалардың, Мұса пайғамбарымыздың жүрген жері. 7-8 елден келген атап айтсақ, Үнді, Индонезия, Нигерия, Малайзия, Африка т.б елдеріндегі имамдармен бірге діни сауаттылықты жетілдіріп, тәжірибе алмасты. Білімді болу бір басқа, сол білімді жеткізе білу бір басқа нәрсе. Жұма күні уағызға шығып екі сөздің басын қоса алмай, өз ойын жеткізе алмай тұрсақ, жамағаттың уағыз тыңдаудың орнына телефондарын шұқылап отыратынына ренжудің қажеті жоқ. Жамағат имамнан бір ілім үйренуге келеді. Сенің берер ештеңең жоқ болатын болса онда сенің имам ретінде де еш сыйың болмайды»,-деді өз ойын білдірген Мейрамбек Ақылбекұлы.

Бір кездегі ауыл топырағына аунап өскен қарадомалақ баланың аз уақыт ішіндегі осындай жетістіктеріне қол соқпау мүмкін емес. Қанатың талмасын, Қанат!

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале