Теректі ауданының полиция қызметкерлерi биыл карантин мен тɵтенше жағдай жарияланған кезде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар санының артқанын айтып отыр. Аудан бойынша статистикалық мəлiметке сүйенсек, 2017, 2018 жылдары - 16, 2019 жылдың 6 айында - 8, 2020 жылдың 6 айында 28 отбасында зәбірлеу фактілері тiркелген.
Осыған орай, Федоров ауылдық округінің учаскелік полициясы, полиция капитаны Қанат Жақыбаев пен Теректі аудандық аналар кеңесінің төрайымы Аягөз Айтқалиева тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында теректіліктерге жадынама таратты.
Осы мәселелер бойынша сұрақтарын қойған тұрғындарға жауап берген олар зорлық-зомбылық туралы 102 нөміріне хабарласу қажеттігі немесе qamqor.gov.kz порталы арқылы онлайн арыз беруге болатыны жайлы айтты. Жарақаттанған жағдайда дереу "жедел жәрдем" шақыру; 150 немесе 87081060810 (WhatsApp) нөмірлері мен www.telefon150.kz сайты арқылы тәулік бойы жұмыс істейтін балаларға, жастарға және зорлық-зомбылық көріп отырған адамдарға арналған ұлттық бірыңғай сенім телефондарына хабарлау туралы түсіндірілді. Сондай-ақ дағдарыс орталықтары, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялары, олардың атқаратын қызметтерi бойынша мағлұматтар берілді.
Камелия Ɵтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz