Облыс бойынша ауыл халқының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасының пилоттық нұсқасы әзірленіп, қазіргі таңда оны жүзеге асыру мақсатында тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы жобаға Қаратөбе ауданындағы екі ауылдық округ енгізілді.
«Ауыл аманаты» пилоттық жобасы басталғаннан бері аталмыш бағдарламаны түсіндіру мақсатында жұмысшы тобы ауданның Жусандыой және Қоскөл ауылдарының тұрғындарымен кездескен болатын.
Осы бағдарламаны жан-жақты түсіндіру үшін қаңтардың 18-і күні облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов бастаған жұмысшы тобының өкілдері жұмыс сапарымен ауданымызға келді.
– Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске тарту, азық-түлік қауіпсіздігін қамту және ауылтұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға байланысты мәселерді шешу. Халықтың басын қосып жұмыстандыру.Өндірістік кооперативтер құрып, бірігіп жұмыс жасау бүгінгі күннің талабы. Кооперативсіз еш нәрсе шешілмейді. Ауылда кооператив болуы керек. Басты мақсат бағдарламаны іске асыру - деді жиында алғаш сөз алған облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Сансызбайұлы.
Жұмысшы тобының өкілдері «Aqjaiq» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қазбек Ұзықанов, Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Исатай Мыңбаев, Батыс Қазақстан облысы ауылшаруашылығы басқармасының бас маманы Ринад Мусағалиев, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «Қазақстан фермерлер Ассоциациясының» Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Серік Жарылғапов Жамбыл облысынан бастау алған бағдарлама аясында ең төмен 2,5 пайызбен берілетін бұл несиенің ауыл тұрғындарына тиімділігі туралы айтып, жиынға қатысушылардың сауалдарына жан-жақты жауап берді.
Жиында аталмыш бағдарламаның ерекшелігі бұл бағдарлама бойынша тұрғын үймен бірге техника және сапалы салынған гараж, сарай, қора сияқты қозғалмайтын мүліктердің кепілдікке алынатындығы айтылды.
Жұмысшы тобының өкілдері жиында құс өсіру бағытында несие алуға ниет білдірушілер жұмысты жүргізу барысында құс балапандарын қаладан тасымай, инкубатор сатып алып, балапандарды өздерінен өндіріп, өсірудің тиімділігі, сүтті, асыл тұқымды ірі қара малын сатып алатын болса, жергілікті жер жағдайына бейім келетін сиыр тұқымын сатып алу тиімдірек болатындығы туралы айтып, кеңес берді.
Тұрғындармен кездесу жиналысын қорытындылаған аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы жиналыстың күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігін ескере отырып, туындаған мәселелерді бірлесе шешіп, ниет білдіруші жергілікті тұрғындарға қолдау көрсету, жобаны іске асыру бағытында жұмыстану қажеттігін айтты.
Облыстан келген жұмысшы топтың жұмыс сапары аталмыш жобаға енгізілген ауданның Жусандыой және Қоскөл ауылдарында жалғасып, ауыл тұрғындарымен кездесу жиналыстары өтті.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz