25.07.2024, 17:15
Оқылды: 301

Тұз туризмін дамытуға не кедергі?

Біз қазақ осы табиғатымыз ерекше халықпыз ғой, күн күйіп тұрғанда ыссы шай ішіп, борша-боршамыз шығып терлемейінше жанымыз жан таппайды. Өзге жұрт «холестерин» деп шошынып, беттерін ыржитып-тыржитып жатқанда да майлы әрі тұзды етті қарбыта асайтын да қазекем. Біздің ащы құртымызды тосырқағандар да қазір бренд ретінде іздеп жүріп, сатып алатын да өзге жұрт.

1EF36656-E2BF-48A9-A0DE-4C931DEAF84B

Сурет: pixabay.com

Бұған қоса шілденің шіліңгір ыстығында қара балшықты үстіне аямай жағып, оның суына иыққа дейін батып, тұзға түсетін де біз. Бірақ осының қай-қайсысынан да зардап шеккен ешкім жоқ. Әсіресе, қазақтың қазы-қартасы мен қымызын бүкіл әлем мойындаса, балшығы түрлі ауруға ем тұзды суды да өзге ұлттың өздері іздеуге шыққалы қашан. Мұндай балшығы да, суы да ем тұзды аймақ көршілес Ресей Федерациясының Орынбор облысына қарасты халық Тұзтөбе атап кеткен  ауданда да бар. Бірақ соңғы кездері мұндағы тазалық мәселесі жиі көтеріліп келе жатқандықтан өзіміздің іргемізде орналасқан тұзды көлдерге келушілердің қатары арта түсуде. Шыңғырлау ауданының аумағында Соркөл, Ақкөл, Құлақ азақ деп те атайды) сынды шипалы тұз орындары бар. Шілденің ыстығы басталысымен біздің батыста «тұз айы» аталатын шақта жұртшылық табиғаттың осы бір тамаша мезгілін тиімді пайдаланып қалуға ұмтылады.

Тіпті мақсат қойып алыстан келетіндер қатары да аз емес. Әсіресе соңғы кездері аудан иегіне тиіп тұрған Аққөлдегі тұздың тазалығын жиі ауызға алып жүр. Суы аздау болғанымен, қара балшығы мол, ал Сөркөлдің суы мол. Тұзы күн көзіне шағылысқан 750 га ауданды алып жатқан суға емін-еркін құлаш жайып түсіп жатқандар легі аз емес. Біле білсек осындай тұзды жерлерді жаз кезінде  таза табыс көзіне айналдыруға болады. Осыны ұғынған алмаздық Сәуле Ашенова соңғы бір-екі жыл шамасында тұз айы басталысымен Соркөлдің маңына екі киіз үй тігіп, оның ішін көрпе-төсеніштермен, тамақ пісіретін керек-жарақтармен, 3 тонналық таза су сиятын бөшкелермен жабдықтап қойған. Келген әрбір адам әжетханадан да мұқтаждық көрмейді, қоқыс салатын жәшіктерді де реттеп тастаған.

73503AF5-4234-4C74-BC5E-6C948502B3F0

«Алмаздан 5 км жерде орналасқан осы маңға келушілер қарасы биыл да аз емесӘсіресе Ақтөбе облысынан келушілер көп, биыл бұл облыста әлсін-әлсін жаңбыр жауып, халық кішкене кідіріс тапқандай, бірақ алда күн бұдан әрмен ыси түссе тұзға келушілер саны көбейері сөзсіз. Оралдан арнайы келіп жатқан тұзшылар «Бұл тұздың суы да, тұзы да керемет. Кәдімгідей ем алғандай көңіл-күйдеміз деп кетіп жатыр», - дейді ол.

Сәуле сонымен қатар келушілердің сұранысы бойынша  қуырдақ, кәуап, ыссы тамақ түрлерін де әзірлеп, ас мәзірін де күн ілгері ойластырып қояды.

«Жарықтық тұздың пайдасы керемет қой» деп отыратын еді ертеректе біздің ата-әжелеріміз. Есімізде, олар үшін тұзға бару үлкен мереке саналатын. Күн ілгері бидон-бидон суларын дайындап, ішер-жейтін тамақ түрлерін пысықтап, сіріңкесі мен тұзына дейін ұмытпай, болса көлікке тиеліп, болмаса ат-арбамен тұзға баратын. Әйелдер қазан-ошағын қамдап жатқанда, ерлер сор жағасынан кең етіп «құдық» қазатын. Сәлден кейін-ақ шұңқырдың түбіне удай ащы су шым-шымдап жинала бастайды. Бұл су кейін жуынуға керек.

Ал тұздың шипалы қарабалшығы сордың ортасына қарай он шақты қадам жүргенде шығады. Құдық қазылған жерге жеткенше қатып қалған тұз аяғыңды тілгілеп, күйдіріп-жандырып болатын. Апалар сол жерде киіз үй тігіп, самауырын қайнатып, қазанға ас салып, бауырсақтарын пісіріп, соның арасында тұзға да шомылып, самайдан аққан қара терді сыпырып тастап рахаттана шай ішуші еді. Тұз денемізді ашытып, қыңқылдаған біздерге «шыда, теріңдегі анау-мынау жел-құз, жараң кетеді» деп әжелер сабырға шақыратын.

Тұзшылар жел тиіп қалмасын деп қабаттап киініп, тұз сіңген киім қаудыр-қаудыр ететін. Тұзға үш рет түскен дұрыс деп бар салтты сақтап, қайтарда тұздың басындағы таяқтарға ақтықтарын байлап кетеді. Үйге келген соң да тұз сіңген, сірне-сірне болған киімдерінің иістері бұрқырап шешпей жүруші еді. Сол иіс, сол көрініс мәңгі жадымызда сақталып қалған.

AAB533BA-4212-481E-B2B6-D0B046509351

Қазіргі күні де осы тұзға түсу дәстүрін үлкендеріміз, бертін келе жастар да ұстанып келеді. Іргедегі Ақкөлдің маңында да тізілген көліктер қарасы азайған емес. Тіпті осы жерге алыстан келгендерге такси қызметі де ұйымдастырылған. Аудан орталығы теміржолдың бойында орналасқандықтан Ресейдің Орынборынан, Електің арғы бетінен, көршілес аудандардан келушілер аз емес. Бір қынжылтарлығы – бұл жерде келушілерге қалыпты жағдай жасалған деп айта алмас едік, әжетхана да қарастырылмаған. Ал келушілердің көбісі асықпай жайланып келгісі келеді-ақ. Осы мәселені детаза суды жеткізу жағын да ойластыратын, сервис қызметін қолға алатын бір аудан тұрғыны белсеніп шықса ғой деген ой келеді.

Бұған қоса Ардақ ауылдық округіне қарасты Ащы өзенінің бойында да  Құлақ (Разақ) деп аталатын тұз көзі бар. Оған көбіне-көп осы маңда орналасқан елді мекендердің тұрғындары барады.

Соркөлге қайта оралсақ. Жалпы осы тұзды көлдің қасиеті туралы ел аузында жүрген әңгімелер жетерлік. «Өткен ғасырдың 60-шы жылдары осы жерге атақты Ресей ғалымы келіп, тұздың құрамын зерттепті. Нәтижесінде Кеңес Одағында кездеспейтін түрлі микро-макроэлементтер құрамы мен пайдалы организмдерді тауып кеткен деседі, - деп еске алады осы өңірде бірнеше жыл өмір сүрген Темірғали Жантасов. – Бірақ біз ол кезде жас болдық, кім, қайдан келген, не айтып кеткен білмейміз, тек үлкендерден естігеніміз. Ал, ол кездегі тұрғындарды қазір табу қиын енді.

– Иә, осындай әңгімені біз де естігенбіз, біраз іздегенімізбен нақты дерек таба алмадық. Бірақ соңғы зерттеулер бұл көлде сирек кездесетін «артемия» құрты мекен ететіні анықталыпты. Оны косметикалық мақсатта және белсенді биологиялық қоспалар дайындауда пайдаланады екен.  Және бұл құрттың жұмыртқалары әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие, - деген ақпаратымен бөлісті Сәуле.

Негізі бұл жерді туристік аймаққа айналдыру округ үшін тиімді болар еді. Өйткені бұл ауыл республикалық маңызы бар Самара-Шымкент тас жолының бойында тұр. Алмаз ауылына дейін Орал қаласынан 252 шақырым болса, сол жақ бұрылыстағы Соркөлге дейін бар-жоғы 8.5 шақырым. Бұл жерде газ, электр желісі өтіп жатыр, жақында жолаушы көліктерге қызмет көрсететін жанар-жағар май кэмпингі де іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Арнайы щағын азық-түлік дүкені де бар.  Яғни, тұзға келем деушілерге қиындық туа қоймасы анық, оның үстіне тұз басында Сәуле Ашеновадай істің ыңғайын тапқан жан барлық жағдай жасап отырғанда.

Жалпы тұзға түсу ағзаға қандай өзгерістер әкеліп, адамның қай жерлеріне шипасын тигізеді? Ғалымдардың айтуынша тұзге түсу буын, нерв, түрлі тері ауруларына сеп, әйел және ерлер ағзасына өте пайдалы екен. Әрі түрлі жаралардың орындары да тез бітіп кетеді, тіпті түрлі жағымсых иістерден құтылуға да көмек береді екен. Тұзға түскен адам денесіне шым-шымдап тұз сіңе бестағанын сезіне бастайды, әлдеқалай тіліп, жырып алған жерлер удай ашыта жөнелетіні белгілі. Жалпы тұзға түсудің де өз әдебі бар, оған демалып-демалып бір сағатқа жуық қара балшығын жағып, шығарда үстін суымен шайып шығады. Бір сағаттан артық жатсаң «тұз өтіп кетеді» деп ескертіп те жатады үлкендер.

Орынбордың Тұзтөбесіне қарағанда іргемізде тұрған өзіміздің тұзымыз әлдеқайда таза, соның шипасын алғысы келгендер алысқа арбаламай-ақ, жақыннан да дорбалауға болатынын біледі. Тек, осы жерлерге алыс-жақыннан келген жұртшылыққа аз-кем ыңғайлы жағдайлар жасалып жатса, келушілердің қатары да көбейе түсер еді әрі елімізде тұз туризмін дамытқан алғашқы қарлығаш та біз болар ма едік?                                                                                                           

Гүлшат Ибрагимқызы

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале