9.03.2024, 18:26
Оқылды: 50

Тұзды жердегі тұрғындар суға зәру

Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов Ақоба ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, ауыл тұрғындарымен жүздесті. Кездесудің басты тақырыбы ауыз су мәселесі болды.

FB_IMG_1709906261757

Ашып айтар болсақ, ақобалықтар алты ай бойы ауыз суға жарымай отыр. Екі күн бұрын ғана су құбырлары мен сорғылары жөнделіп, ретке келтірілген. Ал оған дейін халық қардың суымен күн кешті. Көктем келіп, жағдайы оңалған халық “қайтадан сол күйді кешсек, не болады?” деп, алаңдаулы. Құбырлар мен сорғының әлсін-әлсін істен шығуын “Жайық Гидрогеология” компаниясы жердің тұзды болуы себебінен деп түсіндіреді. Тіпті бұрын бұл мәселені көзбен көріп, зерттеу жұмыстарын да жүргізген. Нақты шешімі табылмай тұрған өзекті жайтқа жыл сайын аудан бюджетінен қомақты қаражат бөлінеді. Ол қаржы тек қана тұздың кесірінен шіріген құбырларды жаңғыртуға ғана жұмсалады. Миллиондаған қаржыны бөле беру аудан бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіретіні белгілі.

FB_IMG_1709906264181

Осы орайда жүздесуге жиналған тұрғындар жан-жақтан өз ұсыныстарын жеткізді. Әр ақобалықтың ойларын тыңдаған Жақсылық Каримоллаұлы тез арада ауыл ішінен он-он бес метр тереңдікте құдық қаздыру керектігін айтты. Айта кетейік, ол құдық құбырлар мен сорғылар бұзылғанда ғана халық әуреге түспеуі үшін және жаңа құбырлар іске қосылғанша қосымша көмек ретінде пайдаланылады.

FB_IMG_1709906269623

Сонымен қатар ақсақалдар Ақобадан Тау ауылына барар жолдағы Мұқат пен Қыдыр аталып кеткен жерлерде бұрын тұщы су болғанын айтып, зерттеу жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Бірақ күні ертең зерттеу жүріп, шешімі бір жылдықта шығады деп үміттену бос әурешілік. Яғни бұл айтуға - жеңіл, істеуге келгенде біраз уақытты талап етеді. Оған дейін тұрғындарға осылайша амалдауға тура келеді. Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов түйткілді мәселені біржақты қылып, сессия, жиындарда талқылап, талдауға өз уәдесін берді.

Айсұлу Жұмабай,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале