«Егемен Қазақстан» республикалық газетінде жарияланған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы - мемлекеттік идеологияны анықтайтын саяси-идеологиялық құжат.
Елбасымыз мақаласының кіріспесін «Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым. Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі - саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық.
Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол - әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар. Мен көздеген жұмыстарымыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деп саяси бетбұрыстардан бастапты.
Бұл мақалада айтылған ойлар, тезистер ұлттық идеологияға, қазақ қоғамына арнайы бағытталған деп айтуға болады.
Мақаланың «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» атты І тарауында «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» дейді Елбасы.
Елбасымыз мақаласында жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтындығын алға тартады.
«Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын деген. Сол сияқты тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын айқындап көрсеткен. Мысалы, болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы» деген қанатты сөздері барша қазақстандықтардың сенімін нығайтары сөзсіз.
Талап ҚАЗИЕВ,
Жусандыой ауылдық округінің әкімі
zhaikpress.kz