3.08.2023, 14:45
Оқылды: 40

Уағызшымен жүздесті

Ақжайық ауданына арнайы шақыртумен Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің Наиб имамы, республикалық ақпараттық-насихаттық топ  мүшесі, «Жыл уағызшысы - 2022» Нұралы Бақытұлы келді.

cadc62ca-3f2c-44fd-8286-1f512023ac6c

Аудандық мәдени-демалыс орталығында болған кездеуге орта буын өкілдері және жастар қатысты. Аудандық мәслихат төрағасы Сәлімгерей Сиражев мейманға ақжайықтықтар атынан қошемет көрсетіп, сөз кезегін оған ұсынды.

Нұралы Бақытұлы кездесуге жиналған жамағатқа ізгі қоғам мен бала тәрбиесіне қатысты уағыз-насихат жүргізді.

– Уағыз айту ақыл айту емес, адамды жәй ғана сөзбен тәрбиелеу. Өскелең ұрпағымызды тура жолдан тайдырмау, жүректеріне иман ұялатып болашағын жарқын ету мақсатында әр жанға ой саламыз. Әлемде орын алған тұрақсыздық, елдер арасындағы алауыздық алаңдатпай қоймайды. Осындай кезеңде еліміздегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтап қалуға бәріміз атсалысып, айналамыздағыларға дұрыс сөз айта жүрейік, – деді ол.

Емен-жарқын сұхбат түрінде өткен кездесуде жиналғандар ұлттық құндылықтар, дін, тәрбие жайлы өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарын қойды.

Кездесу соңында ауданымыздың бас имамы Тұрсынғали Құжапов келген мейманға алғысын білдіріп, жиналғандар атынан ризашылығын жеткізді. Кездесу әрі қарай мешітте жалғасты.

Аида Асылбек,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале