25.05.2020, 16:37
Оқылды: 35

ҰБТ: бір қуаныш, бір үміт

Оқу жылы аяқтала салысымен бәріміздің ұлттық бірыңғай тестілеуді күтетініміз рас. Әсіресе мектеп бітіруші түлектер, олардың ата-аналары мен ұстаздарының жан толқынысын сөзбен жеткізу мүмкін емес.

24FF0CC4-C61A-457F-A05B-F39D8386B325

Бұл сынақ биыл бұрынғыдан өзгеше болмақ. Әлемдегі COVID-19 індеті кесірінен елдегі барлық шәкірттердің білім нәрімен қашықтан сусындағаны белгілі. Бұл жайт алтын ұяларымен қоштасқалы отырған шәкірттерге оңай тимеді.

Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш қабылдау 15 сәуір мен 10 мамыр аралығында онлайн және дәстүрлі түрде өткізілді. ҚР Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, елімізде ҰБТ-ға қатысуға 131 мың адам құжат тапсырып үлгерген екен. Теректі ауданы білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Хусаинованың айтуынша, биыл мектеп бітіретін 303 оқушының 266-сы ҰБТ-ға қатысады. Алтын белгіге» - 36, «Ерекше аттестатқа»  21 оқушы үміткер.

Теректілік түлектер білім сынағына қашықтан қалай дайындалды?

Галина Құрматова, Федоровка қазақ жалпы орта білім беретін мектебінің директоры:

-Биылғы оқу жылында бізде 17 жас мектеп бітіреді. Олардың 16-сы ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірді. Болашақта дәрігер болуды армандайтын Азатгүл Мұхамбетьярова есімді оқушымыз  Ерекше аттестатқа үміткер. Түлектерді  ҰБТ-ға дайындау мақсатында пән мұғалімдері, сынып жетекшілермен бірлесе  жұмыс жоспарын құрып, онлайн отырыстар өткіздік. 11 оқушы жаратылыстану-математика, 3 -уі қоғамдық-гуманитарлық, қалған 2-еуі  шығармашылық бағытты таңдап отыр. Пән мұғалімдері ұлттық тестілеу орталығының 2015-2020 жылдар аралығындағы тест жинақтарын алдырып, оқушылармен classroom, ZOOM платформалары, Whatsapp желісі арқылы байланыс орнатып жұмыстануда. BilimLand платформасындағы онлайн тесттермен де қосымша дайындық жасайды. Ата-аналармен де тығыз байланыстамыз. Шәкірттеріміз еңбегімізді ақтайды деп сенемін.

Жамал Галиева, Чапаев жалпы орта білім беретін мектебінің математика пәні мұғалімі:

- Қазіргі жағдайға байланысты сабақтарды күн сайын whatsapp-тан видеосабақтар ұйымдастыру немесе жеке байланысқа шығу арқылы өткізіп отырмын. Бәріңізге белгілі ҰБТ-да оқушылар «Математикалық сауаттылықтан» тест тапсырады. Тапсырмалардың көбі – логикалық және өмірімізбен байланысты практикалық маңыздағы сұрақтар. Оқушыларым дайындық барысында туындаған сұрақтарын жазып жібереді. Содан соң әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, талдаймыз. ҰБТ-ға қатысқалы отырған оқушылардың ішінен екі шәкіртім физика, математика пәндерін таңдап отыр. Олармен көбірек жұмыстанамын. Күн сайын онлайн тестілеуге қатысады. Түрлі тест тапсырмаларын орындайды. Мектебімізде Бекзат Нұрғалиев есімді «Алтын белгіге» үміткеріміз бар. Шәкірттерімнің сынақтан сүрінбей, қалаған мамандықтарына оқуға түсуіне тілектеспін.

Бексұлтан Муханбетов, Ақжайық жалпы орта білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы:

-Төртінші тоқсанды қашықтан оқуға тура келді. Алғашында қиналғанымыз рас. Бірақ уақыт өте келе үйреніп кеттік. Қазір ҰБТ-да жиі келетін немесе жаңадан енгізілуі мүмкін сұрақтарды талдап,  дайындалудамыз. Testcenter.kz сайтындағы тегін байқау сынағын тапсырып, қателерімізді қашықтан болса да ұстаздарымызбен талдап жүрміз. Мен физика-математика бағытын таңдадым. Автоматизацияландыру және басқару мамандығы бойынша Алматы қаласындағы Алматы энергетика және байланыс (АУЭС) немесе Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттеріне оқуға тапсырып, бағымды сынағым келеді.

Қания Амангелдина, Теректі аудандық лингвистикалық гимназиясының оқушысы:

-Қазір қашықтан тест тапсырмаларын орындап, нәтижелерін талдап, ұстаздарымызбен бірге әзірленудеміз. Үйде болғандықтан, ешнәрсеге алаңдамай, алдағы үлкен сынаққа дайындалып жатырмыз. Мен қазақ тілі және әдебиеті пәнін таңдадым. Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетінде оқығым келеді. Арманым - ұстаз болу. Сыныптас бауырларыма және басқа да түлектерге алдағы сыннан сүрінбей өтулерін тілеймін. Бізді білім нәріне қандырып, арманымыздың асқақ, мақсатымыздың айқын болуына зор үлесін қосқан ұстаздарыма алғысым шексіз.

P.S.Айтпақшы, жақында ғана ұлттық тестілеу орталығының директоры Д.Смағұлов ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл жинаған түлектерге ҚР Білім және ғылым министрлігі атынан соңғы үлгідегі ноутбуктер сыйға тартылатынын айтты. Ендеше, сәттілік серігіңіз болсын, жас түлек!

Аягөз Айтқалиева,

Теректі  ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале