3.03.2021, 10:28
Оқылды: 25

ҰБТ ізденген оқушыға қиын емес

COVID-19 еліміздегі білім жүйесін сынаққа алды. Пандемия басталғалы мектептер жаңа форматта білім беруге бейімделіп, жаңашыл тәртіпке үйренуде. Ахуал мектеп оқушылары мен ұстаздарға оңайға соқпаса да, індетпен тұспа-тұс келген оқу жылының жартысынан көбі артта қалды. Ендігі кезекте мектеп түлектерінің тынымсыз тірлігі басталмақ. Өйткені қашықтан оқыған мектеп бітірушілердің алдында үлкен сынақ – ҰБТ тұр. Қазір аудан оқушылары сол сынаққа қалай дайындалуда? Білім бөлімі мен мектептерде оқушылардың алаңсыз дайындығы үшін қандай жағдай жасалған? Соны білмек болып, қолға қалам алдық.

 1b59ad4b5c49eb536c0703a20b74dd44-896x538

Карантин режимінде ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу рәсімі жетілдірілгені мәлім. Жаңа форматта өтетін ҰБТ-ға аудан оқушылары мен ұстаздары және білім беру бөлімі де ерекше дайындалуда.

– Биыл аудан мектептерінен барлығы 470 оқушы түлеп ұшпақ. Олардың арасында «Алтын белгіге» 45 және «Үздік аттестатқа» 18 үміткер бар. Биыл тестілеу электронды форматта өтеді, яғни түлектер жоғары оқу орындарына түсу үшін білімін компьютер арқылы сынамақшы. Сондай-ақ тестілеуді екі рет тапсыруға мүмкіндік беріледі, - дейді аудандық білім беру бөлімі бас маманының міндетін атқарушы Жарқынай Мұқашева.

Маманның сөзінше, ҰБТ-ға қатысатындар тестілеудің 120 сұрағына жауап береді. Оның ішінде Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық – 15 сұрақтан, оқу сауаттылығынан 20 сұрақ келсе, бейіндік, таңдау пәндерінен 35-тен тест тапсырмалары беріледі екен.

Қаңтар айында аудан мектептерінің 11-сынып оқушыларына арналған байқау тестісі М.Өтемісов атындағы БҚУ-де өткізілген. Ал екінші тестілеу наурыз айына жоспарланыпты. Жылдағыдан өзгеше болғалы тұрған биылғы тестілеудің ерекшелігі мен оқушылардың дайындығы жайында мектеп ұстаздары баяндап берді.

– 2020-2021 оқу жылының түлектерін ҰБТ-ға дайындаудың жұмыс жоспары жасалып, бекітілді. Осыған сәйкес іс-шаралар жүргізілуде. Айына екі рет сынама тест жазу ұйымдастырылып, әр жұмыстан кейін сараптама жасалады. Нәтиженің өсу және кему динамикасы бақыланып, себебін анықтап отырамыз. ҰБТ бойынша сұрақтар әр педагогикалық кеңесте, әдістемелік бірлестік отырыстарында қарастырылады. Пән мұғалімдері оқушыларды ҰБТ-ға дайындау үшін жеке жұмыс жоспарын құрып, бекітті. Осымен қатар атаанамен байланыс орнату, психологиялық дайындық сынды іс-шаралар назардан тыс қалмайды, - дейді Трекин орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гульвера Турешева.

Гульвера ханымның айтуынша, осы күні оқушылардың сапалы білім алуға, мәдениетті болуға, бірнеше тілді меңгеруге және ақпараттық технологияларды жетік білуге деген ұмтылысы ерекше екен. Сондықтан әр оқушы мұғалімнің жіті бақылауында көрінеді. Болашақ мамандық таңдау мақсатында өтетін тестілеу түлектердің бойына қорқыныш ұялатып, психологиялық әсерін тигізетіні тағы бар. Бұл – жас ұрпақ үшін жауапкершілігі мол кезең. Қ.Аманжолов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Назерке Сыйлыбаева болса, ҰБТ – әр түлектің алдындағы жай ғана сынақ, ең бастысы білім сапасы екенін айтады.

– Көзді ашып-жұмғанша алтын ұя мектебімізден де қанат қағып ұшар сәтке жақындап қалдық. Алдымызда ҰБТ атты асу тұр. Алынбастай көрінетін бұл белесті бағындырудың ең оңай жолы – үздіксіз білім алу. Түлектердің көбіне ҰБТ үлкен қиямет секілді көрінетіні рас. Бірақ мен үшін бұл – жай ғана кезекті сынақ. Мен ҰБТ алдындағы қорқынышымды жоя білдім. Меніңше, бұл тестілеуге тек материалдарды жаттап, сұрақтарды талдап дайындалу жеткіліксіз, себебі осындай дайындықпен қатар, түлектің психологиялық, моральдық дайындығы жоғары болуы қажет. Ең алдымен өзіңмен жұмыстанғаның жөн, өзіңді алдын ала дайындап, шыңдап барғаннан еш ұтылмайсың. Осыны түсінген бойда ҰБТ алдындағы қорқыныш билемейтін болды, - дейді Назерке.

Пандемия кезіндегі ҰБТ тек түлектер үшін қиынға соқпайтыны рас. Бұл ретте мұғалімдердің де тәжірибесі мен жүйелі жұмысы маңызды рөл атқарады. Оқушының қоғамда орнын табуына үлес қосуды міндет етіп қойған ұстаздар карантин режиміне қарамастан оқу үдерісінен қалыспай, білім сапасын жақсартуға бар күшін салуда.

– Білім сапасы – оқушының тынымсыз еңбегінің, ал оқытушының шығармашылығы мен ізденісінің нәтижесі. Бұл сапа көрсеткіші жыл сайынғы мектеп түлектері қатысатын ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен бағаланады. Дегенмен онлайн режимге ауысу кезінде оқушылардың көбі өз бетімен жұмыстануға қиналды. Бұндай оқу жүйесі ұстаздың қасыңнан табылып, тақтаға бормен жазып жүргізілген сабақтарға жете алмайтынына көз жеткіздік. Жаңа форматты жүйеге ауысу процесі ата-аналарға да оңайға соқпады. Алайда уақыт өте келе жаңа жүйеге бейімделіп, тосқауылдарды артта қалдырдық деп үміттенеміз. Жаңа оқу жылында екі тоқсан бойы 11-сынып оқушыларымен негізгі және таңдау пәндері бойынша қашықтан сабақ жүргізілді. ZOOM платформасы арқылы жүргізілген сабақтар мен онлайн сынақтар, аудио тапсырмалар, тесттер, жаттығулар жүйелі орындалып отырды. Жұмыстың нәтижелі болуы, ең алдымен, дұрыс жоспарлаудан басталады. Жүйелі дайындық, жаңа әдіс-тәсілдер, тиімді платформалар көмегімен жұмыс біртіндеп оң нәтиже беріп келе жатыр, - деп Қасым Аманжолов атындағы мектептің мұғалімі Зульфия Хайруллина өз ойын бөлісті.

Білім беру саласында осы уақытқа дейін айтарлықтай жұмыстың жүргізілгеніне күмәніміз жоқ. Жаңа жүйеге бой үйретумен қатар парасатты ұрпақ тәрбиелеу зор еңбектің арқасында келеді. Онлайн сабақ біраз оқушының шын келбетін көрсеткенін де айтады ұстаздар. Бұрын сабақта белсенді болған кей оқушыы қашықтан оқуға келгенде арқаны кеңге салған, ал кейбіреулері ұмтылып, ұстазбен байланыс орнатыпты. Сондықтан алда келер сынақ әрдайым білімін жетілдіріп, ізденген оқушы қиын соқпайды деген сенімдеміз.

 

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Сурет ғаламтор желісінен алынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале