ҚР Ішкі істер министрінің нұсқауына сәйкес, облыс көлемінде «Учаске» жедел-профилактикалық іс шарасы басталды. Аталмыш шара Бәйтерек ауданында да қолға алынды.
Кең көлемде жүргізілетін профилактикалық шара басталған шақта аудан полицейлері сапқа тұрғызылып, оларға іс-шараның мақсаты мен тапсырмалары жеткізілді. Биыл аталмыш шараға ішкі істер органдарының барлық қызметтері және аудан волонтерлары тартылды.
- Ауданда жағдайды тұрақтандыру, әр әкімшілік учаскелерде құқық бұзушылық профилактикасы бойынша жұмысты жандандыру, халық арасында учаскелік полиция инспекторларының және жалпы ішкі істер органдарының оң имиджін қалыптастырып, беделін арттыру, азаматтармен тығыз сенімді қарым-қатынас орнату мақсатында қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілетін болады. Осыған орай, ішкі істер бөлімі басшысының арнайы бұйрығымен жедел-профилактикалық іс-шараны өткізу жоспары әзірленіп, бекітілді. Соған сәйкес ауданда жедел алдын алу шарасы қолға алынды, - дейді жергілікті полиция қызметінің бастығы Азамат Жұмағұлов.
Бірнеше айға созылатын шара барысында полицейлер өздеріне бекітілген әкімшілік аумақтағы пәтерлер мен үйлерді тексеріп, тұрғындар туралы ақпарат жинақтайтын болады.
Сондай-ақ бұрын істі болғандар, жүйке жүйесінің ауытқуымен тіркеуде тұрғандар, пәтер жалдаушылар мен пәтерін жалға берушілер, түрлі қару-жарақ сақтаушылар тексеріліп, барлығының құжаттары талапқа сай болуы қаралады. Әкімшілік-құқық бұзушылық жасағандарды заңды тұрғыда жазалау көзделген.
Жедел шараның алғашқы күндерінде құқық қорғаушылар жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық волонтерларынмен бірге аудан орталығындағы үйлерді арлап, шараның мән-маңызын түсіндірді.
Сонымен қатар соңғы кездері интернет алаяқтығы белең алғанын жеткізген шара қатысушылары арнайы үнпарақтар таратып, телефон арқылы үптеушілерден қалай қорғануға болатыны жайында түсінік берді.
Бұдан бөлек ірі-қарасын қараусыз қалдырғандарға қандай жаза қарастырылғандығы да түсіндірілді.
Орайы келгенде аудан тұрғындарынан жедел алдын алу шарасының өз деңгейінде өтуіне түсіністікпен қарап, инспекторлардың сауалдарына дұрыс жауап берулерін сұраймыз. Сондай-ақ, өздеріңіз тұратын аймақтардан әлдебір келеңсіз оқиғаларды, сезікті жағдайларды байқасаңыз, қоғамдық тәртіптің бұзылуына куә болсаңыз, учаскелік инспекторға хабарласыңыз.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz